Павлодарда дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының оқушылары жергілікті ағаш шебері Сартай Қайдаровпен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Лицей мұражайында шебер туралы бейнебаян көрсетілді. Өзі жайында сыр шерткен Сартай Қайдаров ағаштан домбыра жасауды екі-үш ай бұрын ғана бастағанын айтты.
- Жасым 68-ге қараған қазақтың бір ақсақалымын, - деді шебер. – Үш қызым бар. Үшеуі де мұғалім. Теледидардан домбыра жасап жатқанын көріп қалғаннан кейін ағаш өнеріне қызығушылық оянды. Бүгінде бесеуін жасадым. Екеуін адамдар сұрап алып кетті. Мен бұл өнерге ден қойып, аса мән берген адам емеспін. Алайда қазақтың бұл қолөнерін дәріптеу керек. Қызым Дәркембай Шоқпарұлының «Қазақтың қолданбалы қолөнері» кітабын әкеліп берді. Онда көп дүние бар. Кітаптан түйгенім – домбыраны жасайтын ағаштың түрлері жеткілікті. Шайыры бар ағаш үнді жұтып шығармай тастайды. Сондықтан домбыраның ағашы құрғақ болу керек. Содан соң, көп тұрған домбыра құрғап, үні тазалана береді. Қазақ «қарағай» ағашынан жасалған түрі тербелмелі, созылмалы дауыс шығарады деп ұнатады.
Ақсақал өзінің ақындық қыры да бар екенін жасырмады.
- Өлең жазуға аздаған икемім бар, - деді Сартай Қайдаров. – Үш кітабым жарыққа шықты. Есім деген құйма құлақ шежіреші атам болды. Сол атам қалдырған шежірені өлеңмен жазып шықтым. Бұдан кейін Баян батырға қаламызда ескерткіш қойылды. Менің руым – уақ. Кезінде батыр Баян жайлы көп айтылмай қалды. Өйткені ол – Мағжан Жұмабаевтың нағашысы. Ал, Мағжанды халық жауы санағаннан кейін көп насихатталмады. Сол батыр Баян жайында дастан жаздым. «Екінші түлек біз болдық» деген кітабым мектеп бітіруімнің 50 жылдығына арналды.
Болашақта қазақ хандығының 550 жылдығына тарихи дастан жазуды жоспарлаған шебер деректер жинауға кіріскен.
Лицей мұражайының негізін қалаушылардың бірі Бақытжамал Максилова жастарға үлгі болған ақсақалға алғысын білдірді.
Сондай-ақ шараға қатысқан Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпағы Құралай Уақбаева домбырамен қазақ әнін орындады. Кездесу соңында Сартай Қайдаров бір домбырасын аталмыш білім ордасына сыйға тартты.
Оразбек Саяхат