Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов 71-ші Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясында бас жүлдені жеңіп алған Самал Еслямоваға 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Baq.kz.
Францияда күллі әлемді өзіне қаратып, шынайы талантын мойындатқан асыл қызын туған елі құшақ жая қарсы алды. Жерлестерімен кездесуге келген Самал Еслямованы көпшілік тік тұрып қарсы алып, қол соғып құрмет көрсетті. Нәзік қыздың құшағы алқызыл раушанға толды.
«Қазақ елінің қуанышында шек жоқ. Самал Еслямова – Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясында бас жүлдені жеңіп алған ТМД көлеміндегі алғашқы актриса. Әлемдегі ең танымал кинофестивальға қатысып, топ жару – үлкен жеңіс. Қазақтың атын, мәртебесін, рухын көтергені үшін Самалға алғысым шексіз», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазақ елінің мерейін асқақтатқан Самалдың еңбегі шынайы бағасын алды. Актрисаны жеңісімен құттықтаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Облыстық әкімдікте өткен кездесуге актрисаның ата-анасы, ұстаздары, оның білім алған Петропавл өнер колледжіндегі оқытушылары мен студенттер, ауылдастары, Қызылжар өңірінің мәдениет саласының майталмандары келді.
Актриса Солтүстік Қазақстан облысындағы Аралағаш атты қарапайым қазақ ауылынан шыққан. Оқушы Самалға алғаш қалам ұстатып, әліппені жаттатқан алғашқы ұстазы Зухра Сапарова шәкіртінің дәл осындай толағай табысқа жететінін күтпегенін айтады.
«Мен Самалға бірінші сыныптан бастап, 4 жыл сабақ бердім. 4 пен 5-ке оқыды. Өзі қарапайым болатын. Өлең оқығанды жаны сүйетін. Үнемі журналист болғысы келетінін айтатыны есімде. Самал өз арманына жетті деп ойлаймын. Оқушым жеңіске жеткенде қуанышымда шек болмады», - дейді Аралағаш орта мектебінің мұғалімі Зухра Сапарова.
Самалдың өзі елге келіп, туған жердің топырағын басып, саф ауасымен тыныстағанға жетер бақыттың жоқтығын айтады.
«Мені қолдап жатқан еліме алғысым шексіз. Оған баға жетпейді. Қуаныштымын. Ата-анам, ұстаздарымды ерекше атап өткім келеді. Елге жазда келіп тұрамын. Туған жер мен үшін аса қымбат», - деді Самал Есләмова журналистерге берген сұхбатында.
Кездесуге келгендер Самалдың қолын алып, құттықтап, суретке түсуге асықты. Ол өзімен бірге қуанып жатқан жандарға қайта-қайта алғыс білдірді. Актриса «Айка» фильмі қыркүйек айында көрсетілімге шығатынын айтты.