«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылысы басталды

Жоба аясында 21 көпір, 19 жол өтпесін, 8 жол айырығын, ақы алу жүйесі мен инженерлік желілерді салу жоспарланған.

Бүгін Алматыда «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылысын бастауға пәрмен берілді, деп хабарлайды Baq.kz ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне сілтеме жасап.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылыс жобасын «АлсимАларко – Макйол – СК – Корея Экспрессвэй» құрылыс компаниясы консорциумы іске асыратын болады.

Ауқымды жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес және Алматы қаласына өте қажет болғандықтан іске асырылуда.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» Алматы қаласындағы қозғалыс ағынын азайтуға, транзиттік көліктер санын төмендетуге, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, көлік құралдарының жұмыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда құрылыс жүргізілетін жерлер бөлініп, Консорциум құрылысқа дайындық жұмыстарын аяқтады. Ұзақтығы 10 шақырым болатын 4-іске қосу кешеніне оң сараптамалық қорытынды алынды. Бүгінгі құрылысты бастауға толығымен дайын.

Жоба аясында 21 көпір, 19 жол өтпесін, 8 жол айырығын, ақы алу жүйесі мен инженерлік желілерді салу жоспарланған.

Анықтама:

2018 жылғы 7 ақпанда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «АлсимАларко – Макйол – СК – Корея Экспрессвэй» консорциумы «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылысы мен пайдаланудың концессиялық келісімін бекіткен болатын.

Жоба бойынша Алматыны айналып өтетін 6 жолақты, ұзақтығы 66 шақырым болатын автомобиль жолы I техникалық санат бойынша салынады. Құрылысы 4,5 жыл жүреді және пайдалану мерзімі 15,5 жыл. Есептелген жылдамдық 150 км/сағатқа дейін, қозғалыс жиілігі – тәулігіне 38 мың автокөлік.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: