Петропавлда Береке шағын ауданында екі қабатты тұрғын үйдің қабырғасы құлады, тұрғындар зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Sputnik тілшісі оқиға орнынан.
Уральская, 3 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары хабарлағандай, бейсенбі күні түнгі сағат екіде қабырғаның құлаған үнінен жұрттың зәресі ұшты.
"Жаңбырдан кейін қабырға жарылып, күн сайын ұлғая берді, ақыры қабырға қирап қалды. Біз бірден учаскелік полицейді шақырып, түні бойы күзетте болды. Қатты қорқып кеттім, киініп, құжаттарымды алдым да, таңға дейін күтіп жаттым", — дейді үй тұрғыны Наталья Емельянова.
Көршілердің сөзіне сүйенсек, үй 1953 жылы салынған, 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылыпты.
"Терезелер арасындағы қабырға құлап түскенде, мамандарды шақырып, акт жасаттық. Онда үйдің апаттық жағдайда екендігі, адамдарды көшіру керектігі айтылған, бірақ бұл мәселемен ешкім айналысқан жоқ. Ол кезде әлі де тұруға болатын, бірақ жыл сайын ахуал нашарлап, қазір бұл үйде тұруға қорқамыз, өмірімізге қауіп төніп тұр, бірақ паналайтын басқа жеріміз жоқ. Жаңбыр жауғанда, төбеден су ағып, үнемі көгеріп жатады, пәтерлерде жел үрлеп тұрады", — дейді Наталья Емельянова.
Үйде екі подъезд, сегіз пәтер бар, олардың бесеуінде адамдар тұрған. Қабырғасы құлаған екінші подъезде кеше ғана зейнеткер тұрып жатқан еді, абырой болғанда, ол кісіні ертерек көшіріп үлгеріпті. Қалған тұрғындар бірінші подъездегі төрт пәтерде орналасқан. Бұл подъездің де қабырғасы құлағалы тұр.
Таңертең ТЖД қызметкерлері келіп, үйді қарап шықты, бірақ тұрғындарды көшірген жоқ. Халық әлі де үйдің маңында, билік өкілдерінің шешімін күтіп жүр.
"22 мамырда Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қабылдауында болдым. Мәселені шешеміз деді, бірақ бос баспана жоқ, кезек жылжымайды. Первомайская көшесіндегі үйді бұзып, бізге баспана салып береміз деген, бірақ әзірге қаражат жоқ. Қашан болары белгісіз… Уәде бергеннен басқа ештеңе тындырылмайды", — дейді Наталья Емельянова.