Путин "Үшінші дүниежүзілік соғыс бола ма?" деген сұраққа жауап берді

Владимир Путин жетекші әскери державалар арасында стратегиялық тепе-теңдік орнағанын еске салды.

Ресей президенті Владимир Путин "тікелей желі" барысында Үшінші дүниежүзілік соғыстың болу мүмкіндігі жайлы сұраққа жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Меніңше, бұл ретте Эйнштейнді еске түсіруге болады, ол: "Үшінші дүниежүзілік соғыста адамзаттың қандай қару қолданатынын білмеймін, алайда төртінші дүниежүзілік соғыста адамдар қолына тас пен таяқ ұстайды" деді. Үшінші дүниежүзілік соғыс қазіргі өркениеттің түбіне жетуі мүмкін деген түсінік бізге халықаралық аренада қазіргі өркениетке аса қауіпті іс-әрекеттер жасауға тосқауыл болуы тиіс", — деді Путин.

Ресей президенті өңірлік соғыстар "онда да, мұнда да" тұтануы мүмкін екенін атап өтті, алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем бір-біріне құрмет көрсетуге мәжбүр болып отыр.

"Десек те жаһандық қақтығыстар болған жоқ. Неге? Өйткені әлемде жетекші әскери державалар арасында стратегиялық тепе-теңдік орнады. Қанша жерден құлаққа түрпідей тисе де шындықты айтайын: бір-бірімізді жойып жібереміз бе деген қорқыныш жетекші әскери державаларды өктем іс-әрекеттер жасаудан тыйып, бір-бірін құрметтеуге мәжбүрледі", — деп жалғастырды Ресей президенті.

Оның айтуынша, АҚШ-тың Зымыранға қарсы қорғаныс келісімшартынан шығуы – осы стратегиялық тепе-теңдікті бұзуға деген талпыныс. Дегенмен Ресей қару-жарағының қазіргі жүйесі бұл тепе-теңдікті сақтайды, деген сенімде Путин.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: