Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығы алаңында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын іске асыру туралы брифинг барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазақстанның тарихи кесенелерінің тізіміне танымал Қожа Ахмет Яссауи, Жошы хан, Қарахан мен Айша-бибі ғимараттары енді. Келушілер жаңа технологиялардың көмегімен Қазақстанның теңдесі жоқ мекендерімен виртуалды түрде таныса алады.
"Цифрландырылған нысандарды біз бүкіл әлемге паш ете аламыз. Әлемнің кез келген нүктесінен адамдар 3D көріп қана қоймай, сонда болғандай шынайы әсер ала алады", - деді Райымқұлова.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда алғаш рет танымал Қожа Ахмет Яссауи және Қарахан кесенелері 3D-форматында цифрландырылды.
"3D-турлар жан-жақты баяндалған, жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар киелі нысандар бойынша интерактивті виртуалды карта жасалды", - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, кітапхана қоры мен тарихи құжаттар деректерін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, онда жоба жаңалықтарының бірі Қазақстанның кітапханаларының барлық деректер қорын біріктіру болады. Цифрландырылған барлық деректер e-Сulture порталында қолжетімді болады деп көзделген.
Киелі нысандарды таныту мақсатында ведомство қасиетті орындарда сапар-орталықтарын ашады. Бүгінгі таңда "Ұлытау", "Отырар" және "Таңбалы" секілді тарихи-мәдени музей-қорықтарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, осындай музей-қорықтар бірегей мәдениет ескерткіштерін сақтауға, туристерді тарту бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, ғылыми-зерттеу, археология, ағарту және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қажетті жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мәдениет саласын цифрландыру Елбасы өткен жылдың желтоқсан айында бекіткен "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламаны табысты іске асыру Қазақстанға 2050 жылға қарай әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына кіруге жол ашады.