Бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Бас прокуратураның алқа отырысы өткізілді. Оның барысында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысқа қорытынды жасалды. Бұл туралы zakon.kz ҚР Бас прокуратурасы берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бас Прокурор азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге және мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған мәселелерге баса назар аударды.
Жиында прокурорлық қадағалау нәтижесінде 3 млн. азаматтың құқығының қорғалғандығы туралы айтылды.
Ден қою шаралары арқылы Алматы және Алматы облысында 800 мың тұтынушы үшін «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның электрэнергиясының 1кВт/сағ тариф құны 16,9-дан 16,3 теңгеге төмендетілді.
Қостанай облысында 10 мың бағбан қауымдастығы және өндірістік кооператив мүшелері үшін электр тарифі 24-тен 19 теңгеге төмендетілді.
Жалпы коммуналдық қызмет тарифтері еліміздің 6 аумағында төмендетіліп, нәтижесінде тұтынушыларға 7 млрд. теңге көлеміндегі залалдың орны толтырылды.
Бас прокуратура зиянды және еңбек жағдайы қауіпті кәсіпорындарынан 27 мың заңбұзушылықты әшкереледі. Олар еңбек заңнамасының, өндірістік нормалардың, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігіне байланысты.
Қ. Қожамжаров «45 мың азаматтың құқығы қорғалды. Еңбекақы бойынша жарты миллиард теңге көлеміндегі қарыздар өтелді», - деді.
Азаматтық істерге қатысу нәтижесінде 15,6 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттің мүддесі қорғалды.
Қайрат Қожамжаровтың мәлімдеуінше Бас прокуратура қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендетумен және оның құқық қорғау әлеуетін нығайтуды жалғастыруда.
«Жаңа институттарды енгізу нәтижесінде құқық қорғау жүйесінің жалпы қызметі қайта жасақталды. Бұл жұмыстың нәтижесі де бар. Ұсталғандардың саны үш есеге – 8,4-тен 5,8 мыңға және қамауға алынғандардың саны 6,8-ден 4,8 мыңға дейін төмендеді», - деді Бас Прокурор.
Прокурорлар 6 айда құқық қорғау органдары мен уақытша ұстау изоляторындағы қызметтік кабинеттерден 3,5 есе көп азаматтарды босатты (126-дан 423-ке дейін).
Айта кету керек, Бас Прокурордың наразылығы нәтижесінде Жоғарғы Сот 269 сот үкіміне өзгеріс енгізді.
Нәтижесінде 12 адам ақталып, оның ішінде үшеуі 1-ден 7 жылға дейін колонияларда отырған. 223 сотталғандардың жазасы жеңілдетілді.
Бас прокуратура қылмыстық саясатты одан әрі қарай ізгілендіруге бағытталған Заң жобасын әзірледі.
Жоба бойынша жұмыс Мемлекет басшысының қаңтардағы Жолдауы аясында жүргізілді.
Қайрат Қожамжаров Заңның басты қағидаларын атады.
«Қылмыстардың 260 құрамы бойынша қоғамдық жұмыс пен бас бостандығынан шектеу енгізілуде. Айыппұл көлемі төмендетілуде, 36 құрам бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімі азайтылуда. Ауыр қылмыстар бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі 5 жылға қысқартылды. Жалпы бұл 5 мыңға дейін сотталғанды бостандыққа шығаруға мүмкіндік береді. Заңдылықты нығайтудағы жұмысты жалғастырамыз», - деді ол.
Бас прокуратураның алқа отырысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына енгізілген бес жобасы таныстырылды.
Олар қылмыстық және әкімшілік процесті автоматтандыруға, мәліметтерді талдауға, бизнес нысандарын тексеруге және өтініштерді қарауға бағытталған жобалар.
Бас прокуратура процестерді цифровизациялау бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 4 мыңнан аса қылмыстық іс және 160 мың әкімшілік іс электронды түрде тергелуде.
Бүгінде электрондық түрдегі 1,8 мың іс сотқа жолданды. Оның 1,3 мыңына қатысты шешім шығарылды.
Алқа отырысының нәтижесі бойынша бірқатар тапсырма берілді.