Өндірістік жарақат туралы ақпарат алаңдатпай қоймайды. Оның үстіне бұл біздің облысқа қатысты. 2017 жылы облыс кәсіпорындары мен ұйымдарында 242 адам жарақаттан зардап шегіп, уақытша еңбек қабілетінен айрылған, деп хабарлайды Алтайньюс.
Жұмыс істейтін 1000 адамға есептегенде, өндірістік жарақат деңгейі 0,7 пайызды құраған. Өткен жылы зардап шеккендердің 47%-ы жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 20 %-ы мемлекеттік және 33 %-ға жуығы өзге мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.
Зардап шеккендердің ең көп саны, яғни 71 адам немесе жалпы санының 29,3%-ы кен өндіру өнеркәсібіне келеді,70 адам (28,8%-ы) – өңдеу өнеркәсібі саласында, 20 адам (8,3%-ы) – құрылыста,14 адам (5,8%-ы) – білім беру саласында жұмыс істеген.
2017 жылы өндірістегі жарақаттан 20 адам қайтыс болса, 2016 жылы 18 адам өмірмен қоштасқан. Олардың әрбір үшіншісі Семей қаласының, әрбір бесіншісі Өскемен қаласының кәсіпорындарында жұмыс істеген. Қайтыс болғандардың көпшілігі, яғни 11 адам жеке меншік кәсіпорындарда, 1 адам мемлекеттік кәсіпорында және 8 адам өзге мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себебі – зардап шегушінің өзінің абайсыздық танытуы (65 адам), өндірістегі жұмыстың нашар ұйымдастырылуы (43), қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы (30), жол қозғалысы ережелерін бұзылуы (13), көлік құралдарын пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздіктің бұзылуы (10), техникалық процестердің бұзылуында (9) болған екен.
Облыс статистерінің талдау, зерттеулері көрсетіп отырғандай, зардап шеккендердің 46 -сы құлаудан; 30-ы – қозғалыстағы, ұшып келе жатқан және айналып тұрған заттардың әсерінен; 26-жұмысшы – заттардың, материалдардың және жердің құлауы мен опырылуынан; 24-адам – ұйым көлігімен болған жол-көлік оқиғаларынан; 22-і биіктен құлау салдарынан жарақаттаныпты. Жазатайым оқиғалардан зардап шегушілер көбінесе жабық сынық алған. 2017 жылы зардап шеккен 57 адам дәл осындай жарақат алған, ал 44-і – жеңіл-желпі және соғып алудан жарақаттанса, 28-і –ішкі органдардың жарақатын, 16-і – буын шығуы немесе таюы мен сынықтар, 14-і – ашық сынық, ашық жарақаттар мен күйіктер алған.
Өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің әрбір екіншісі – өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылары және жүргізушілер болса, әрбір үшіншісі -өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа тектес қызметтердің жұмысшылары.