Америкалық кәсіпкер Дэвид Валера ай сайын қазақ еліне АҚШ азаматтарымен келіп, оларды жергілікті халықтың салт-дәстүрі және мәдениетімен таныстыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Хабар 24.
Оның айтуынша, шетелдіктер қазақ еліне үлкен қызығушылық танытып отыр.
Америкалық меценат Дэвид Валера әлемнің 60 елін аралаған. Бірақ таңдауы Қазақстанға түскенін айтады. Өйткені жергілікті халық ерекше қонақжай, ақкөңіл әрі кішіпейіл. Алғаш рет ол біздің елге 6 жыл бұрын келіпті. Енді ол өз отандастарын да қазақ елімен жақынырақ таныстырғысы келеді.
– Қазақстанға басында турист ретінде келгенмін. Кейін бұл елді туризм орталығына айналдыру туралы ойландым. АҚШ-та Қазақстанды көріп, жергілікті халықтың мәдениетімен танысуға ниетті азаматтар көп. Ең бастысы, Қазақстан – бейбіт ел. Мұнда ешқандай соғыс жоқ, - дейді кәсіпкер Дэвид Валера.
Дэвидтің командасына алғашқы болып келгендердің бірі – Портленд университетінің студенті Джефф Стэл. Ол Америкада қазақстандық дипломаттармен кездесіп, ұлы дала елі туралы көп жайтқа қаныққан. Кейін әлеуметтік желілерде Қазақстан туралы жазылған мақалаларды оқып, қызығушылығы арта түседі. Ал Астанаға өзінің қызын да ерте келген.
– Астанаға келгеніме бірнеше күн болды. Осы уақытта біз ЕХРО кешенін аралап, «Бәйтерек» монументіне көтерілдік. Ол жерде керемет көрініске тап болдық. Кейін Әзірет Сұлтан мешітіне бардық. Мен әлемнің ешбір елінде осындай керемет мешітті көрмеппін. Енді Ұлттық музейді тамашалағымыз келеді, - дейді студент Джефф Стэл.
Астананың сәулетіне тамсанып, көрікті жерлерін аралаған америкалық туристер енді Алматыға аттанбақ. Мұнда олар 2 күн бойы киіз үйде тұрып, халқымыздың мәдениетін зерттеуді жоспарлап қойған. Ал келесі айда Дэвид осында Испания және Жапония елдерінің туристерін қарсы алмақ.