ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев министрліктер мен әкімдіктерге Мемлекет басшысының экономикалық өсімге қатысты берген тапсырмасын орындау үшін жүйелік шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылдың алғашқы жеті айы бойынша өсім 4 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш белгіленген меже қалпында, сол себепті осы бағыттағы жұмыстарымызды ары қарай жалғастыруымыз керек. Дегенмен, есептерден көріп отырғанымыздай, осы көрсеткіштерге жету үшін министрліктер мен өңірлер бірге жұмыс істеуі тиіс», - деді ол.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі тиісті ведомстволар мен әкімдіктерге бірқатар аймақтардағы экономиканың кейбір секторларында осы көрсеткіштердің жетіспеушілігіне назар аударуды тапсырды.
«Бүгін баяндалған облыс, қала басшылары құрылыс пен өндіріс бойынша ай сайынғы айтатын уәждерін қайталады, өзгеріс жоқ. Егер де біз бір кәсіпорынға немесе бір ғана кәсіпорынның істеген жұмысына тәуелді болсақ, онда бұл мәселе бойынша ай сайын ішкі талдау жасай отырып, тиісті есептеулер жүргізу қажет. Сіздердің баяндамаларыңыздан көріп отырғандай, ондай сараптама байқалмайды. Яғни, төмен көрсеткіштер ай сайын өзгеріссіз қалып отыр. Сол себептен, Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктері мен басқа да салалық ведомстволар, сондай-ақ өңірлер ел экономикасының өсімін қамтамысыз ету бойынша тиісті шараларды іске асыруы қажет», - деді Б. Сағынтаев.
Ол Мемлекет басшысының экономиканы көтеру үшін қойған "барлық аймақтарға ай сайын кемінде 4%" деген тапсырмасын еске салды.
"Орталық атқарушы органдар мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жүйелі шараларды күшейтуді қажет етеді», - деді премьер-министр.