Астана әкімдігі бас тартқан қызметтік көліктер кімдерге беріледі

Әкімдіктің балансындағы алпысқа жуық автокөлік полиция қызметкерлеріне, мектептерге, ауруханаларға беріледі.

Астана әкімдігі бас тартқан қызметтік көліктер мектептер, ауруханалар мен полицияға беріледі. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғани Исқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қыркүйек айынан бастап көлік қызметі таксопарктерге беретін болдық. Таксопарктердің концорциум құрайтын үш компаниясы бізге өз ұсынысын берген. Заңнамаға сәйкес, барлық рәсімдерден өтіп, біз осы концорциумды жеке серіктес ретінде тағайындадық. Жалпы, мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы бойынша 5 жылға есептелген. Осы 5 жылдың ішінде біздің мемлекеттік міндеттемелердің жалпы сомасы 2 млрд 71 млн теңге құрайтын болады. Яғни, қазіргі біздегі ағымды шығындардың сомасын жоқ дегенде 20 пайызға азайтамыз. Нақты сомалар бойынша біздің бюджеттік үнем одан да жоғары болады деген ойдамыз», - дейді.

Оның айтуынша, осы жобаның басқа да жақсы жақтары бар.

«Мысалы, 5 жылдың ішінде қала әкімдігі жаңа автокөліктерді сатып алмайтын болады. Қазір қолымызда бар, әкімдіктің балансындағы алпысқа жуық автокөлікті біз полиция қызметкерлеріне, мектептерге, ауруханаларға береміз. Сондықтан осы ретте де біршама бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткіземіз. Бұдан басқа қала орталығында орналасқан «Автошаруашылық Астана» компаниясының техникалық базасы біздің қолымызда қалып отыр. Сол базаны мемлекет басқа мақсатта пайдаланатын болады. Бәріміз такси қызметін пайдаланамыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, Бұған дейін астаналық әкімдіктің 2018 жылдан бастап, такси қолдану бойынша пилоттық жобаға ауысатыны хабарланған еді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: