Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған Заң жобасы мемлекеттік статистика саласындағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң жобасын дайындау кезінде Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Австрия, Италия және тағы басқа дамыған елдердің тәжірибесі зерттелді. Құжат Ресми статистика туралы еуропалық модельдік заң ережелерінің негізінде дайындалды. Сондай-ақ, 2017 жылы халықаралық институттар жүргізген Қазақстанның ұлттық статистика жүйесін жаһандық бағалаудың ұсынымдары да ескерілді. Заң жобасының негізгі мақсаты - халықаралық тәжірибені, стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, институционалдық орта мен статистикалық жүйені, операциялық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Атап айтқанда, заң жобасымен Қазақстан Республикасының 2 заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу жөнінде нақтылаулар енгізілді. «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға ұғымдық бөлігін нақтылау ескерілген. Осы орайда «әкімшілік деректер», «ұлттық санақ» секілді ұғымдарды нақтылау және кеңейту көзделеді. Сондай-ақ «интервьюер», «метадеректер», «телефон арқылы сауал жүргізудің компьютерлендірілген жүйесі (ТСЖКЖ)», «бағаны тіркеу» және тағы басқа да бірқатар жаңа ұғымдар енгізіліп отыр.
Мұнымен қоса, ұлттық санақтарды жүргізу бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту жөніндегі Үкіметтің құзыреті бекітіледі.