Түркістан облысы Фердауси мектебіндегі жағдай тұрақталды

Наразылық танытқан ауыл тұрғындарына жұмысшы топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізді.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, «Жаңа жол» ауылдық округі, Фирдауси елді мекеніндегі А.Фердауси жалпы орта мектебіндегі жағдай тұрақталды. Бұл туралы zakon.kz Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

А.Фердауси атындағы жалпы орта мектепте 700 оқушы білім алса, соның 371-і қыз бала. Олардың барлығы мектепке діни атрибуттық белгілері бар формамен келіп жүрген. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 4 қыркүйек күні бастауыш сыныпта оқитын (1-4 сыныптар) қыз балалардың барлығы талапқа сәйкес формаға көшті. Ал, жоғары сыныпта оқитын қыз балалардың 198-і біріңғай мектеп формасын сақтап, сабаққа қатысып отыр. Сондай-ақ, мектеп формасын сақтамаған 60 қыз баламен мамандар жұмыс жүргізуде.

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы ҚР Білім жəне ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығын сақтау туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілген.

Мәселені шешу үшін аудан әкімдігі және облыстық білім, ішкі саясат, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаларының қатысуымен арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты іс-шара жоспары бекітілді. Топтың құрамына облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қосылды. А.Фердауси атындағы жалпы орта мектепте 3 қыркүйектен бастап бірыңғай мектеп формасын сақтамаған оқушыларға білім ұясына кіруге тыйым салынды. Сондай-ақ, 3 күн бойы мектептен қалған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салу шаралары жасалынды.

Наразылық танытқан ауыл тұрғындарына жұмысшы топтың мүшелері түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Мемлекеттік органдар мен діни бірлестік мамандары да ата-аналар қауымы, ауыл билері жəне зиялы қауым өкілдерімен бірнеше жиындар өткізіп, зайырлы мемлекеттің білім ұяларындағы ортақ стандарттарды сақтау талабы түсіндірілді. Арнайы барған 40 психолог маман мұғалімдермен және оқушылардың әрбіріменжұмыс істеп, зайырлы елдегі ең басты құндылық – мемлекет заңына бағыну екенін айтты. Стресске қарсы және оның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарымен тренингтер өтуде. Бүгінде облыстық білім басқармасы мен жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік жоспар жасалынды. Қыркүйектің 7-нен бастап оқушылар спорттық және мәдени іс-шараларға қатысады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылы қарсаңында А.Фердауси атындағы жалпы орта мектеп ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Биыл республикалық бюджеттен 600 орынды білім ұясына 1 млрд. 350 миллион теңге бөлініп, соңғы үлгідегі оқу орны салынды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: