ҚР СІМ күні кеше санавиациямен жеткізілген екі айлық Полинаның ата-анасына қатысты сұмдық жайттың бетін ашты. Айтуынша, уақытынан бұрын туылған баланы алып қайтуға қаржымыз болмады деген қазақстандықтар о баста оны емдетуден өздері бас тартқан көрінеді. Сөйтіп, Васильевтер хал үстіндегі сәбиін қолхат жазып жат жерге қалдырып кеткен, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Түркияда демалып жатқан Дарья Васильева сәбиін перзентханада емес, жанармай құю бекетінің дәретханасында босанған. Түркияның жетімдер үйінен бір-ақ шыға жаздаған нәресте жомарт жандардың арқасында кеше аман-есен елге қайтарылды.
«Васильева Дарья мен Васильев Иван жаңа туылған нәрестелерін емдеуден бас тартатыны туралы қолхат жазып, ауруханаға тастап кетіп қалған. Ол сәби жайлы біз сол клиникадан білдік. Ондағылар біздің Түркиядағы консулға қоңырау шалып, хабарлаған. Содан баланың жағдайына араласып, тез арада шешім табуға тырыстық», – дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ата-анасы Қазақстанға қайтып оралғаннан кейін, елшілікке барып, Түркияда дүниеге келген сәбиінің шетінеп кеткені туралы анықтама сұратыпты.
Ал санавиациямен отанына жеткізілген Полинаның жағдайы әлі де ауыр көрінеді.
«Сәбидің жағдайы әлі де ауыр. Салмағы аз болып туылғандықтан, тыныс алуы қиынға соғып жатыр. Бұдан артық әзірге еш нәрсе айта алмаймыз. Баланың денсаулығын әлі де тексеру керек. Қолдан келген қажетті емді жасаймыз», – дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының орынбасары Константин Хаиров.
Ендігі Васильевтер отбасы бұл әрекеті үшін жауапқа тартыла ма, жоқ па, белгісіз. Ал ерлі-зайыптының сәбиін алып кету үшін Түркияға барған сапарының ақысын мойнына алған Сыртық істер министрлігі ендігі мұндай жеңілдік жасамайтынын ескертті.
Еске салсақ, биылғы жылдың 30 маусымында Түркияда дүниеге келген Полинаның жергілікті балалар үйіне тапсырылуы мүмкін екендігі хабарланған еді. Ата-анасына сәбиін қайтарып алуға аурухана алдындағы 20 мың доллардан аса қарызы себеп болған. Мұншама ақшаны таба алмаған Васильевтер отбасы көпшіліктен көмек сұрап, жан айқайын жеткізді. Артынша өз есімін жасырып қалған отандық меценат ерлі-зайыптыға көмектесіп, қарызын төлеп берді.