Алматыда дәрігерлер он күннен бері аты-жөні белгісіз науқастың туыстарын іздестіріп жатыр. Ер адам аса ауыр халде инсультпен ауруханаға жеткізілген. Қаладағы мешіттердің бірінің маңында ес-түссіз жатқан оны тұрғындар тауып алған, деп хабарлайды Baq.kz.
Ер адам ауруханаға 2 қыркүйек күні жеткізілген. Дәрігерлер бірден инсульт екенін анықтаған. Науқас қозғала да, сөйлей де алмаған. Ол тек бір апта өткен соң ғана аздап ес жинаған.
Қазір ол сол қолын әзер көтереді және түсініксіз сөздер айтуға ғана шамасы келіп тұр. Өзі туралы қандай да бір мәлімет беруге қауқарсыз. Дәрігерлер өз бетінше қандай да бір ақпарат алуға талпынғанымен, еш нәтиже жоқ. Оның өзімен бірге құжаттары да, телефоны да болмаған.
Ер адамның жасы 45 шамасында. Ауруханадағылар оның жанұясы бар, себебі, қаңғыбасқа ұқсамайды деп санайды. Олар туыстарынан бір хабар беруді сұрайды.
«Тексеру кезінде оның геморрагиялық инсульт алғаны белгілі болды. Бұл бас миына қан кету. Қазір оның жағдайы бірқалыпты. Алғашқы күннен бастап қарқынды терапия басталды. Емдеу нәтижесінде ахуалы жақсарып, қан қысымы тұрақтады. Алайда, бірқатар өзгеріс бар», - деді №7 қалалық клиникалық аурухананың невропотолог дәрігері Ғалымжан Кәрімов.