ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында еліміздің заң шығару жүйесіндегі негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенат төрағасының ойынша, бүгінгі күні заңнамалық процесті жетілдіру аса керек, себебі «бұл жерде ашық, кәсіби пікірталасты қажет ететін көптеген мәселелер бар».
"Түптеп келгенде, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасы қандай, олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, спикер осы мәселелердің бірқатарын атап өтті. Атап айтқанда, ол бүгінгі күні заң жобаларының тұжырымдамалық негізі үрей тудыратынын айтты, себебі тұжырымдамалар заң жобасын реттеудің негізгі мәселелерінқамтымайтын, оларды көрсетпейтін жағдайлар болады.
"Әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады. Сондықтан, заң нормалары құқықтық ахуал жасаудың орнына, тез өзгеріп отыратын құбылмалы жағдайлардың салдары болып отыр. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгерту енгізілетін жағдайлар да кездеседі", - деп санайды Сенат төрағасы.
Тоқаевтың айтуынша, көп жағдайларда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық.
Қазақстанның заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету.
«Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс. Осы процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар өз азаматтарымызға ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет», - деді Тоқаев.
Заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары Заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуы болып табылады. Мұндай тәжірибе заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына әсер етпей қоймайды.
Бұл – заң жобаларының тұжырымдамалық негізінің сапасы. Кейбір жағдайларда заң жобасы реттеуге тиіс негізгі мәселелер тұжырымдамаларда қамтылмай жатады. Аталған жағдай әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екенін көрсетеді.
«Заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы – ерекше талқылау мен қарастыруды қажет ететін бөлек тақырып. Мәселен, кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі. Оның үстіне, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді. Осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіптен, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру – заңды құбылыс. Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән беріп, баса назар аударуын сұраймыз», - деді спикер.
Заңнамалық немесе заңға тәуелді деңгейлерде регламенттеу үшін күн тәртібіне қойылатын мәселелердің аражігін ажырату. Конституцияның 61-бабының 3-тармағында заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр.
Заң бойынша түсіндіру жұмыстары. Мемлекет басшысы алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында жаңадан қабылданатын заңдар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Біздің ойымызша, бұл мәселе түбегейлі жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап етеді. Мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша цифрлық технологиялар мен қалың жұртшылық арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, неғұрлым белсенді және жаңа көзқарастарды ұстануы қажет. БАҚ кеңістігінде кеңінен жариялай отырып, өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер көрсету, баспасөз-конференцияларын, диспуттар мен пікірталастар өткізу заң шығармашылығы процесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Уәкілетті органдар кез-келген жаңалықты енгізбес бұрын жергілікті халықпен, бизнес-қауымдастықпен және мемлекеттік органдармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», - деді Тоқаев.
Негізгі құқық салаларын дамытудың орнықты тәсілдерін әзірлеумен айналысатын салааралық ғылыми институттардың жоқтығы шешімін таппаған мәселелердің қатарында. Мұндай институттар депутаттарға консультациялық, әдістемелік, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетер еді. Әзірге біз Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институтының көмегіне жүгінеміз.
"Халықаралық шарттарды жасасу, олардың іске асырылуын бағалау, сондай-ақ оларды ұлттық заңнамаға енгізу барысындағы анық және айқын жүйенің болмауы да айрықша назар аударуды қажет етеді. Құқықтық мониторинг институтын одан әрі дамыту үшін жүйелі және ұйымдастырушылық сипаттағы шараларды қабылдау талап етіледі. «Мемлекеттің салауаты заңдардан басталып, заңдылықпен аяқталады» деген белгілі тұжырым заңдарды тиімділігіне қарап қабылдаудың аса қажет екенін көрсетеді, - деді Тоқаев.