Алматыда атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Бүгін Храпуновтар отбасы мен олардың сыбайластары сот алдындағы соңғы сөздерін айтты, деп жазады Алматы телеарнасы.
Сот басты фигуранттардың – Виктор Храпунов пен Лейла Храпунованың қатысуынсыз өтіп жатқаны мәлім. Ал қылмыстық іске қатысы бар деген өзге айыпталушылар өз кінәларын мойындағанын, барлық әрекеттер қаланың экс-басшысы Виктор Храпуновтың нұсқауымен орындалғанын тағы мәлімдеді. Енді судьядан мерзімі өтіп кеткендіктен, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
«Мен өз кінәмді толығымен мойындаймын. Сот отырысы барысында айтылған эпизодтар бойынша барлық әрекетті экс-әкім Виктор Храпуновтың нұсқауымен орындадым. Оның ішінде, жерді пайдалануға қатысты мәселелер де бар. Бұл тұрғыда көптеген мәселе қаралды. Қателіктер де жіберілді», – деді Алматы қаласы экс-әкімінің бұрынғы орынбасары Яков Заяц.
Прокурор бұған дейін өткен сот отырысында Виктор Храпуновты 20 жыл бас бостандығынан айыру жаза тағайындауды сұраған. Ал жары Лейла Храпунованы 17 жылға, ұлы Айяр Ілиясовты 8 жылға түрмеге қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
Шетелде бой тасалап жүрген ерлі-зайыпты Храпуновтар мен оның сыйбайластары ретінде айыпталғандарға қатысты сот процесі шілде айының аяғында басталды. Бұл қылмыстық іс бойынша 212 куәгер тыңдалуда. Іс материалдары 400 томнан тұрады.