Аты бар да, заты жоқ! Түркістан облысында ата-анасынан айырылған тұл жетім азаматтығын дәлелдей алмай жүр. 24 жастағы жігіт тұрақты мекен-жайы болмағандықтан, мектепке бармапты. Салдарынан кітап оқымақ түгілі, хат танымайды. Тіпті, өзінің аты-жөнін де жаза алмайды. 18 жыл бойы әркімнің қоластында жұмыс істеп, далада түнеп келген. Өмірден өз орнын таба алмай жүрген кейіпкер туралы stan.kz, Еуразия бірінші арнасы жазған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
Ырысбек Жаңабеков – Түркияның тумасы. Әкесінен бес, ал, анасынан алты жасында айырылған ол әлдекімдердің ықпалымен осыдан он сегіз жыл бұрын Қазақстанға келіпті. Содан бері Жетісайда тұрып жатыр. Кезінде құжаттары болмағандықтан, мектепке де бармапты. Әріп танымағандықтан, аты-жөнін де қағазға түсіре алмайды.
Ырысбек құжатсыз жүргендіктен талай мәрте өз құқығын қорғай алмай қор болғанын айтады. Тек, жуырда ғана жергілікті заңгер Әмірхан Аманкелдиевтің көмегімен төлқұжатқа ие болыпты. Сөйтіп, бірден тұрғын үй кезегіне өтініш тапсырған. Оған дейін далада түнеуге мәжбүр.
«Қазір бір үйде тұрғанмын, ол сатылайын деп жатыр ғой. Сәл оқығанмын, жоғары оқу орнына түсуім керек қой. Ары қарай жұмыс істеуім керек» – дейді Жетісай қаласының тұрғыны Ырысбек Жаңабеков.
Ырысбек өмірінде дәрігердің қабылдауында болмағанын айтады. Соның әсері болса керек, қазір денсаулығы аздап сыр беріп жүр екен. Басы ауырып, балтыры сыздаса, өзінше ем-дом жасауға дағдыланып алыпты. Оның жағдайынан хабардар болған аудан әкімдігі жауапты тұлғалар жуырда медициналық тексеруден өткізіп, қысқа мерзімді курстарға жібереміз деп отыр. Әріп таныған соң, ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырмақ.
«Бұл жігіт бізге келіп, егер медицина жағынан тексеріліп, ақыл-есінің дұрыстығы, жұмысқа қебілетті деп танылып жатса, біз бұл жігітке мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі, соның бәрін көрсетуге дайынбыз. Ол, бірінші – оқыту, екінші – жұмыспен қамту» – дейді Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі Айдар Сейдазым.
Ырысбек осы күні әркімге жалданып, еңбек етеді. Тапқан табысын күнделікті тамағына жұмсайды. Кәмелеттік жасқа толғандықтан, мемлекет тарапынан оған ешқандай жәрдемақы тағайындалмайды екен. Егер денсаулығында қандай да бір кінәрат табылатын болса, онда сөз басқа дейді мамандар.
«Басым ауырады, құлап қала беремін деген әңгімелерді айтып отыр. Ал егер расында басы ауырып, құлап қала беретін жайы болатын болса, бұл кісі орталық емханаға барып, сол жерден дәрігерлерге көрініп, аудандық ВКК комиссия бар ғой, сол комиссиядан өтіп, ия мынандай ауруы бар деп анықтайтын болса, онда мүгедектік тағайындалады» – дейді Жетісай аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
Өмірден қанша теперіш көрсе де 24 жастағы жігіт еш жасымаған. Армансыз да емес. Тездетіп білім алып, жақсы бір маман болуды мақсат етіп отыр. Отбасылы болу да ойында бар.