Ақмола облысында балабақша тәрбиешісінің туберкулездің ашық түріне шалдыққаны анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Ақмола облысындағы Шортанды ауылында балабақшада жұмыс істейтін 23 жастағы келіншектен өкпе дерті анықталды. Науқас тәрбиеші қазір ауруханада жатыр екен. Одан туберкулездің ашық түрі анықталса да, мектепке дейінгі мекеме карантинге жабылмаған.
Балабақшада туберкулезге шалдыққан тәрбиеші жұмыс істейтінін ауыл әйелдері бір-бірінен естіпті. Өкпе ауруының ашық түріне шалдыққан тәрбиешінің ауруханада жатқанын жауаптылар аптаға жуық жасырды дейді наразы топ.
23 жастағы тәрбиешінің мына балабақшада жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан асыпты. Шортанды ауылының тұрғыны жақында ғана медициналық тексеруден өткен екен. Ол кезде өкпесі таза болған. Дерті аяқ асты дендеген секілді. Үлкен даудан соң тәрбиешінің өкпе ауруына шалдыққанын СЭС қызметкерлерінің растауына тура келді.
Ұл мен қызының денсаулығына алаңдаған ата-аналар болса балабақша басшысына жолығуға тырысқан еді. Оқыс жағдайға қарамастан, мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі жұмыс орнында болмай шықты.
Қазір балабақша қалыпты күнделікті жағдайда жұмыс істеуде. Карантин жарияланбаған. СЭС қызметкерлері келіп, нысанның ішін дезинфекциялық заттармен тазартып кетіпті. Сондықтан басшылар балабақшаның ішіне бөгде адамды, тіпті, ата-наларды да кіргізбеуде.
Ал науқас тәрбиешіден балаларға аурудың жұққан не жұқпағаны үш күннен кейін белгілі болады. Ақхалаттылар бүгін кішкентайларға екпе салып кетіпті. Тәрбиешінің де ауруханадан шыққан соң бүлдіршіндердің ортасына орала ма, ол жағын да білікті дәрігерлерден жасақталған комиссия шешетін болады.