Қазіргі күні тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін 1,2 млн адам қолдануда. Олардың бәрі банктен шот ашып, баспана алу үшін қаражат жинап жатыр. Жалпы жинақ сомасы 562,3 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Елорда Инфо Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең үнемшіл қазақстандықтар Астана қаласында тұрады. Елорда тұрғындарына тиесілі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозиттерінің саны – 170 771.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шоттарының орташа толықтыру сомасы 106 000 теңгені құрайды. Ал берілген займдардың орташа сомасы – 10 млн теңге.
Жыл басынан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің көмегімен 26 000 азамат баспаналы болған, оның 19 450-і үйді коммерциялық нарықтан сатып алса, 7 мыңдайы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында заем ресімдеген. Баспанамен қамтамасыз етуге қатысты бұл деректер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша соңғы үш жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштер болып отыр.
«Бүгін, 31 қазан күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Бүкіләлемдік жинақ күнін атап өтеді. Осыған орай біз қазақстандықтар қаражат жинап үйренді деп толық сеніммен айта аламыз. Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы үлесі 13,1%-ды құрайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 7,1% деңгейінде еді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражатын жоспарлап, ақшасын санай алатын, мақсатына жете білетін азаматтар келеді. Қаражат жинау қабілетіне табыстың ықпал етпейтінін айта кету керек, мысалы, біздің салымшылардың 40%-ның жалақысы 150 000 теңгеден төмен. Көп жағдайда олар мақсатына 5-6 жылда жетеді», - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Бүкіләлемдік жинақ күнінде банктің астаналық филиалының басшысы журналистер мен Астана тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды көрсетті. Тұрғын үйлер Мәңгілік ел мен №227 көшелердің (ҚР ПІБ МО емханасының жанында) және №27 мен №36 көшелердің (ҚР ПІБ автошаруашылығы жанында) ауданында орналасқан.
Қазір банк 364 пәтерден тұратын пул әзірлеп жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 180 000 теңгені құрайды. Бұл Астанадағы орташа нарықтық бағадан екі есе төмен.
Пәтер сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенті болып, депозитке үй бағасының 20%-на тең соманы бастапқы жарнаны жинау немесе аудару қажет. Займның жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды.
Бұған қоса 2019 жылы Астанада мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1 825 пәтер сату жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталына кіріп білуге болады.