Шымкенттегі бірқатар кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы өсетін болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың шаһар кәсіпкерлерімен кездесуінде осы және жалақының бағаға әсері жайлы талқыланды деп хабарлайды zakon.kz, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала әкімінің айтуынша, бюджет саласы қызметкерлерінің де жалақысы өседі. Ал кездесуге қатысқан 70-тен астам кәсіпкер өз қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге дайын екендерін жеткізді. Бірқатар кәсіпорындағы жалақы қараша айынан бастап, енді бірінде 2019 жылдың қаңтарынан бастап көбейтіледі.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есе – 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. «Бұл бастаманы барлық ірі компаниялар, сондай-ақ, мен шақырған шетелдік компаниялар қолдайды деп үміттенемін», - деген еді Елбасы.
– Кәсіпорын басшылары Елбасыны қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге дайын екендері қуантарлық жайт. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға түрткі болады, - деп атап өтті Ғабидолла Әбдірахымов.
Жиында азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының өсу мәселесі де талқыланды. Ірі сауда орындары мен базарлардың басшылары сауда орындарын жалға беру мен азық-бүлік бағасын ұстап тұру шараларын жасауға уәде берді.
Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімдігі жанынан базарлар мен кәсіпорындардың және ірі сауда орталықтарының басшыларымен бірге бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі бойынша жұмыс істейтін арнайы штаб құрылған.