Астанада Хэллоуин кешінде дұрыс бекітілмеген баннер қыздың үстіне құлады. Салдарынан оны жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кеткен деп жазады Sputnik Қазақстан.
Зардап шеккен қыздың есімі Елена, ол Астана колледждерінің бірінің түлегі.
"Лена костюмді ойын қатысушыларының бірі болды. Баннер соңына дейін бекітілмеген, салдарынан конструкция құлап түсті. Қасында бір жігіт тұрған еді, абырой болғанда, ол баннерді ұстап үлгерді. Оқиға дискотека басталардың алдында, шамамен күндізгі сағат екіде болды. Кейін біз жедел жәрдем шақырдық", — деді шара ұйымдастырушысы Әділхан Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Астананың денсаулық сақтау басқармасынан мәлімдегендей, 17 жастағы қыз екінші балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер қыздың басын рентгенге түсірді, травмотологтың консультациясынан кейін пациент амбулаторлық емге жіберілді. Медициналық тексерістен кейін бойжеткен дискотекаға қайтып оралды.
"Сондай-ақ, шарада жүргендердің бірі полиция шақырып, қызға қастандық жасалғанын айтты. Мұны кім жасағанын білмеймін", — деді Әділхан.
Еске сала кетсек, Алматыда түнгі клубтардың бірінде өткен Хэллоуин кеші трагедиямен аяқталды. Белгілі қазақстандық каскадер Қасым Жұмағожин арқанға асылған мумияның рөлін сомдағаннан кейін көз жұмған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы оның өліміне миокард инфарктісі себеп болғанын көрсетті.