Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Тәжиев кәсіпкерлер Палатасынан алған кеңесінің арқасында инвалидтерге арналған техникалық жөндеу орталығын ашты, деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша Zakon.kz тілшісі.
Кәсіпкерлер палатасынан "Бизнес-кеңесші" курсы бойынша оқуды бітірген ол, инновациялық байқауға "Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығы" атты жоспарын ұсынып, 640 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
"Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндеуден өткіземіз. Сұраныс бар. Мұндай жөндеу орталығы біздің облысымызда бірінші рет ашылып отыр, республика көлемінде де көп емес. Мүгедек жандардың арбасы сынса көп жағдайда жаңасын алуға мүмкіндіктері жете бермейді, ал ескісін жөндеп беретін мамандар жоқтың қасы. Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келеді", - дейді Н.Тәжиев.
Орталықта төрт адам жұмыспен қамтылған. Жақында Астанада өткен халықаралық семинарға қатысқан кәсіпкер, америкалық мамандардан мүгедектер арбасына қолайлылық үшін арнайы рөл қоюды үйреніп келді.
Облыстық кәсіпкерлер Палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері мамандар өз ісін бастағысы келген азаматтарға 12 мыңға жуық кеңес беріп, 1881 адамға сервистік қызмет көрсетті. Мұнан өзге, services.atameken.kz жүйесі арқылы облыс бойынша кәсіпкерлерден 948 онлайн-өтінім қабылданды.