Бүгін Тараз қаласында "Алаш ұстанымы – ұлт мұраты" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конфереция өтті. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында, танымал тарихшы-ғалымдарды Тараз төріне жинаған ауқымды шараны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған, деп хабарлайды Zhambylnews.kz.
Өткен жылы елімізде Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен болатын. Бұл бағыттағы іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр. Өйткені, Алашорда ұлттық үкіметі 1917 жылы құрылғанымен,Алаш арыстарының ең маңызды саяси шешімдері 1918 жылы қабылданған еді. Тарихи сананы жаңғыртып, Алаш арыстарының еңбектерін кеңінен талдауға бағытталған Тараздағы конференцияның дәл 5-желтоқсан күні өтуінің себебін Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли айтты.
"Естеріңізде болса, осыдан тура 101 жыл бұрын, Орынбор қаласында, І-жалпы қазақ құрылтайы дәл осы күні басталған болатын. Сол құрылтайда,12-желтоқсан күні Алашорда үкіметі жарияланып, бүкіл алаштықтар барша қазақтан сүйінші сұраған болатын. Міне, 101 жыл өткен соң сол Алаш арыстарының ұрпақтары Әулиеата төріндегі конференцияда бас қосып отырмыз. Бұл да бір тарихи сәйкестік деп айта аламыз", – деді Берік Құрманғали.
Алаш арыстарының сол кездегі айқын ұстанымы, ұлттық идеясы ғасыр өтсе де маңыздылығын жойған жоқ. Жиынға келген Алаштанудың негізін қалап жүрген ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді сол кездегі қазақ қоғамының жағдайын, Алаш зиялыларының азаттық жолындағы ұстанымдары жайында баяндады.
"1917 жылдың қарсаңында қазақ қоғамы ұлт-азаттық қозғалыс арнасында тұрды. Ал қазаққа керегі ұлттық еркіндік, ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекеттілік болатын. Сол кезде Әлихан Бөкейханов: Бізге тәуелсіздік үшін күрес жағдайында тапқа жіктелу зиянды. Тапқа жіктелсек, өзара соғысқа кетсек, азамат соғысына кірсеконда біз азаттықпен қоштасамыз,-деді. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін осы тұжырым- жалғыз дұрыс ұстаным еді", – деді тарихшы.
Бұдан бөлек, конференция барысында халықаралық "Қаһармандар" қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Жүсіп, "ҚР Ұлттық Музейі" РМКК жанындағы "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, с.ғ.к. Берік Әбдіғалиұлы және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к. Ерлан Сайлаубай, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің "Алаштану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай және "Асу" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер журналист Москау Ноқырабеков сынды тарихшы ғалымдар Алаш тарихы мен ұлт зиялыларының өміршең идеялары туралы тереңнен қозғап, тұщымды баяндамалар жасады.