«Алматы облысының Қарасай ауданында биыл 3 қараша күні орын алған жол-көлік оқиғасын тергеу жалғасуда. Аталған көлік апатында төрт жеңіл көлік соғылып, нәтижесінде бір адам қайтыс болған, тағы екі адам әртүрлі дене жарақатын алған»,- деп хабарлайды zakon.kz, облыстық полиция департаментінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын облыстық полиция департаменті Анықтау басқармасының қызметкерлері жүргізуде, сондай-ақ бұл іс ведомство басшылығы тарапынан ерекше бақылауында.
Аталған факті бойынша бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары қайтыс болған азаматтың туыстарына сілтеме жасай отырып, көліктердің бірін форма киген аудандық полиция қызметкері тізгіндеуі мүмкін деген хабарлама таратты.
Алдын ала тексеру бойынша жол апаты «Мерседес Бенс» көлігі жүргізушісінің кінәсінен орын алған. Сонымен қатар, көлік апатындағы жүргізушілердің бірі берген ақпарға сәйкес Мерседес көлігін тізгіндеген адамның полиция формасында болмағанын атап өту қажет.
Бұл іс бойынша жүргізілген медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жол-көлік оқиғасындағы жүргізушілер де, жолаушылар да алкогольдік ішімдіктерді және ескірткіні пайдаланбағаны анықталды.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша бірқатар сараптамалар жүргізілуде. Көлік апатында зардап шеккендер жазылған соң қосымша сараптама тағайындалып, дене жарақаттары бойынша кімнің «Мерседес Бенс» көлігін басқарғаны анықталатын болады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары қатаң бақылауда және жүргізіліп жатқан тергеу шаралары осы жол-көлік оқиғасын объективті тергеп-тексеруге бағытталады»,- деп атап өтті облыстық полицияның баспасөз қызметінде.