Емделушілер Өскемендегі тері-венерологиялық диспансердің ахуалына шағымдануда

Әбден көңілі қалған жанның сөзінше, ауруханада санитарлық талаптар сақталмаған.

Науқастар Өскемендегі тері-венерологиялық диспансерде ешқандай жағдайдың жоқтығын айтып налуда. Науқастар тіпті мұнда санитарлық талаптардың сақталмайтынын айтып отыр. Түрмеден еш айырмашылығы жоқ деп ренжіген емделушілер диспансерге соңғы рет ширек ғасыр бұрын жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айтады, деп хабарлайды stan.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сылағы түскен қабырғалар, шұрық-тесік сықырлаған едендер, жатуға мүлдем ыңғайсыз төсектер. Өскемендегі тері-венерологиялық диспансердің бүгінгі сиқы осы.

Әбден көңілі қалған жанның сөзінше, ауруханада санитарлық талаптар сақталмаған. Тіпті, ішкі жағдайы адам төзгісіз. Бірақ, дәрігерлердің емделушілердің тұжырымымен мүлдем келіскісі жоқ.

Диспансер басшылығының сөзіне сенсек, бәрі жұрт ойлағандай жаман емес. Еденді ауыстырған, зертханалардың іші де мұнтаздай таза. Десе де әлеуметтік желіні шулатқан палатаға әлі де науқастар жатқызылып, ем-дом қабылдауда екен.

"Сол бәрі, төсектің торы жаман. Матрастар да кір. Тазалық жоқ дейсіз ғой? Тазалық жоқ деп айта алмаймын енді, санитарлар бәрін тазалап, бәрін бізге өңдеп әкеп береді. Бірақ ескілігі бар", – дейді емделуші Клара Нұртазаева.

Бас дәрігердің өзі де диспансердің жағдайына қатысты шағымдардың көп түсетінін жасырмады. "Бірақ, қолдан келер шара жоқ" дейді. Ауруханадағы күрделі жөндеу осыдан 25 жыл бұрын жасалған екен. Тек 10 жыл бұрын шатыры жаңартылып, пластик терезелер қойылыпты. Ал, заманауи қалыпқа келтіру үшін кем дегенде 8 млн теңге керек екен. Оған бюджеттен бөлінген қаржы жетпейтін көрінеді.

"Президент жарлығына байланысты, біз диспансерден былтыр тамыз айында көшіп кетуіміз керек болған. Кейін бұл мәселе жергілікті әкімдіктің қарауына алынды. Менің жөндеу жұмыстарын жасамағаным да осыдан. Мемлекеттің бөлген ақшасын кетіруді аядым" – дейді облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері Рысбике Жаманбалинова.

Осы уақытқа дейін де балалар психоневрологиялық диспансері де шудың астында қалған еді. Екі жыл бұрын қоғам белсенділері аурухананың түрмеден еш айырмашылығы жоқ екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Осылайша, оны СПИД орталығын бос тұрған мына ғимартқа көшіру ұсынылыпты. Онымен тоқталмай, енді тізімге наркологиялық емхана, тері-венерологиялық диспансер қосылды. Алайда, нақты қай аурухана қайда көшетіні әзірге белгісіз, дейді мамандар. Тек тері-венерелогиялық диспансердің басшылығы жуырда жөндеу жұмыстарын жасауға бекініп отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: