ІІМ жалған ақпарат пен арандатушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті
Сурет: polisia.kz
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық кеңістікте, оның ішінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасына қатысты фактілерді әдейі бұрмалау және жалған мәліметтер тарату жағдайлары тіркелуде. Мұндай әрекеттер азаматтарды жаңылыстырып, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді.
Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны интернетте жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат таратқан. Ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы — ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оларды жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде жоққа шығарған. Осыған байланысты аталған азамат жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ Абай облысында Семей қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер бар деген жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Шын мәнінде, бұл қағидаттар жаңа Конституция жобасында керісінше тікелей бекітіліп, күшейтілген.
"Ішкі істер министрлігі Конституция жобасын талқылау, азаматтардың өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заң бұзушылыққа жатпайтынын еске салады. Жауапкершілік тек қана көрінеу жалған ақпарат тарату және фактілерді әдейі бұрмалау үшін көзделген. Қазіргі уақытта азаматтарды жаңылыстыруға және қоғамдық ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған өзге де жалған ақпарат тарату фактілері анықталуда. Біз азаматтарды сын тұрғысынан ойлауға, арандатуға ермеуге және тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз. Ішкі істер министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және кез келген тұрақсыздандыру әрекеттерін қатаң ден қояды", — деп атап өтті Шыңғыс Алекешев.
Ішкі істер министрлігі көрінеу жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттер, себеп-салдарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.
Бұған дейін Түркістан облысында конституциялық реформалардың негізгі басымдықтары мен өзгерістерін талқылаған мәжіліс өткені хабарланған.