Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Арнайы "Жусан" операциясымен елге оралған жерлестеріміз Сириядағы көзбен көрген сұмдықтарын айтып берді. Жұмақты аңсаймын деп тағдыры тозаққа айналғандар туған жерге жеткенімізге қуаныштымыз дейді. Қазір Ақтаудағы бейімдеу орталығында жатқан оларға барлық жағдай жасалған. Орталықта бөбектерге балабақша, жеткіншектерге арнайы мектеп ашылған. Бұл туралы zakon.kz КТК телеарнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сириядан жеткізілген отандастарымыздың бірі Жаннаның елден жыраққа кеткеніне 5 жылдан асыпты. От пен оқтың ортасына махаббатқа сеніп, күйеуімнің артынан ердім деген ол, жан жарын ниетінен қайтаруға тырысқанын айтады. Алайда Жанна Түркиядан күтіп алған күйеуімен бірге Сирияға өтіп кетеді. Бірақ 1 жарым жыл бұрын жары сол жақта қаза тапқан.
Ол кезде менің аяғым ауыр болды. Күйеуім баланы тастап өзің қайта бер деді, - дейді Жанна.
- Өзі қайтқысы келмеді ме?
- Жоқ, өлемін осы жақта деді. Басында бәрі әдемі ғой. Тұратын үй ішінде бүкіл дүниесі болды. Бәрі бар. Әйел болғасын қызықтық.
Алайда санаулы уақыттан соң өміріміз тозаққа айналды деген Жанна жұмақты аңсаймыз деп шынымен адасқандарын айтады. Жарылыс кезінде үнемі бас сауғалап қашыпты. Көзімен көрген сұмдықтар әлі күнге есінен кетпейді.
Жанна:
- Ракка деген қалада болған кезде небір қуыстармен жүрдік. Сонда адамдардың бастары ілініп тұрды. Соны көріп қатты жыладым.
Ал 12 жастағы Жәнібек отанына ата-анасыз оралыпты. Жанары жәутеңдеген бала әжесін қатты сағынғанын айтады. Жат жерде 2 жылдай жалғыз жүрсе де сағы сынбаған. Қағілез бала дүние жүзі картасын жайып қойып, сұраған жеріңді тауып береді. Бірақ соғыстың сойқаны жеткіншектің сәби жүрегін қатты жараланғаны анық аңғарылады.
Несібелі Бағдыбаева, психолог:
- Балалардың бойында әлі қорқыныш бар. Суреттерінің бәрін қарап шықтық. Лл жақта лагерде оқыдық деп айтты. Көбінесе арабша білім алған. Сосын құран жаттатқан.
Шам еліне аттанып тағдырдың шырғалаңына түскен 10 әйел мен 30 бала қазір Ақтаудағы осы бейімдеу орталығында тұрады. Әлеуметтік қызметкерлер мен писхологтар олармен күндіз-түні кеңес құрып отырады. Бөбектер үшін арнайы балабақша ашылған. Мектеп жасындағы балаларға күнделікті сабақ өткізіледі. Ал олардың денсаулығы біздің қатаң бақылауымызда дейді дәрігерлер. Себебі, елге келген сәтте барлығының ағзасынан вирустық инфекция анықталған.
Әсия Сапарғалиева, дәрігер:
- Тұмауға қарсы препараттар тағайындадық. Аналарына, балаларына да тұмауға қарсы дәрмуендер берілді. Қазір жағдайлары жақсы.
Бейімдеу орталығы қауіпсіздікті сезінген балалардың шат күлкісіне толы. Бірі сурет салып, бірі қолына ойыншығын ұстап мәз-мейрам. Ал еліне аман-есен оралған әйелдер туған жердей жер болмайтынын түсіндік дейді.
Жанна:
- Ұшақтан түскен кезде жылайтын да, күлетін де шама болған жоқ. Үйіме туған жеріме қайтқаныма біразға дейін сене алмай жүрдім. Енді бір мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мүмкіндік берсе балаларымды дұрыс тәрбиелеп, түзу жолға түскіміз келеді.
Бұлар орталықта әлі бір ай болады. Қазір олардың құжаттары реттеліп жатыр. Дегенмен, әлеуметтік қызметкерлер жат сенімнің жетегіне еріп, Сирия асып кеткен жерлестерімізді қайта бейімдеу ұзаққа созылатынын жасырмады. Ал адасып қайта үйірін тапқандар туған-туысқандарымен кездесуге асық. Себебі, көбі бауыр еті баласының қателігін кешіріпті.