Алматыда ер адам көлігінен ішінде бір миллион теңге бар әмиян тауып алған. Ол сол күні бір адамды сұраған жеріне жеткізіп салғанын айтып отыр. Алайда оның кім екенін нақты білмейді екен. Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Алматыда Арман есімді жігіт 1 миллион теңгенің иесін іздеуде. Мақсаты – мақтау естіп, ат шығару емес. Тіпті, өзінің түрін көрсетпеуді өтінді. Миллион теңге тауып алған азаматтың оның иесіне қоятын талабы бар.
"Осы қызыл әмиянның ішінде қандай заттар болғанын айтса, сол адамға беремін. Әмиянның иесін күтемін", – дейді Арман Закиров.
Өз сөзінде ол полицияға сенбейтінін, сондықтан олардың көмегіне жүгінбегенін айтты. Мейірімді жігіт миллион теңгеден астам ақшасын жоғалтқан адамға әмиянды өз қолымен табыстағысы келеді. Себебі ол науқас адамның еміне жиналған немесе біреудің қарызға алған ақшасы шығар дейді. Ол әмиянның иесі табылмаса, қомақты қаржының тағдырын өзім шешемін деген ойда.
"Иесі табылмаса, мұқтаж, жағдайы жоқ жандарға апарып беремін. Десе де табылады деп үміттенемін", – дейді ол.
Қызыл әмиянның ішінде миллион теңгеден бөлек бірнеше АҚШ доллары да бар. Ал Арман ақшаны иесіне қайтарып бергені үшін сыйақы алмақ емес.