Тоқтар Әубәкіров қолы жетпеген қазақ қызы мен орыс әйелі жайлы сыр шертті

Қаңғырып жүрген балаға менің беретін қызым жоқ.

Тоқтар Әубәкіров жас кезінде қазақ қызына ғашық болған. Онымен 10 жылдай араласып, хат алысып, кейіннен басқа аруды жар еткен. Алғашқы махаббатының әкесі екеуінің қосылуына қарсы болыпты. Бұл туралы "Астана" арнасының "Мақпал мекен" жобасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

Әкесі қарсы болды. Кейінгі жылдары ол кісімен кездестік. Қазір телефонмен тауып алу оңай ғой. Ол кісі: – Әкем олай айтуға тиісті емес еді, – деді. Себебі әкем мені жақсы көруші еді, деді. Бірақ өз құлағыммен естідім телефон арқылы. Ол кісі қарсы шығып еді. “Қаңғырып жүрген балаға менің беретін қызым жоқ” деген. Мен ол кезде сонау Қиыр Шығыста жүргенмін. 21 жасымда сол кісімен таныстық. 31-ге дейін 10 жыл хабарласып тұрдық, бірақ бұйырмады. Ол кісі мен үйленген соң бір жылдан кейін тұрмысқа шықты. Екі баласы бар, Құдайға шүкір, немерелерін көрді”, – деп ағынан жарылды қазақтың тұңғыш ғарышкері.

Бұдан кейін Тоқтар мырза орыстың Татьяна есімді қызына үйленген. Күні бүгінге дейін сол кісімен бір шаңырақ астында тұрып келеді. Айтуынша, бүгінгі жеткен жетістігіне Татьянаның қосқан үлесі зор.

“Жақсы әйел жаман күйеуін төрге отырғызады. Мен де Құдайға шүкір жаман емеспін. Бірақ ол кісі менің төрге отыруыма көп әсер етті. Өзі орыс болса да, Қазақстанға көшу керек деп маған тыныштық бермеді. Енді ол әрбір кісіге берілмейтін сезім. Осында келген соң, кішкентай балаларды, немерелерімді “қазақ мектебіне беріңдер” деп бүгінгі күнге дейін балаларымның құлағына құйып жүрген сол – Татьяна Михайловна”, – дейді Тоқтар Әубәкіров.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: