Өткен демалыс күндері шекарашылар Ресейден Қазақстанға қарай Мемлекеттік шекараны бұзып, заңсыз өткен екі адамды ұстады. Сонымен қатар тиым салынған заттардың (соның ішінде есірткі және пышақтар), заңсыз жанар-жағармай, алкоголь өнімдері тасымалының жолын кесті, 500 кг-дан астам иесіз тауарлар тапты. Бұл туралы Baq.kz ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәлірек айтқанда... Қаңтардың 25-інен 26-сына қараған түні, сағат 00.00 ге таяу Қостанай шекара отрядының кезекшілік бөліміне Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Челябинск және Магнитогорск аумақтары бойынша шекаралық басқармасы өкілінен ақпарат келіп түсті. Көрші елдің шекара наряды түнде көретін құрылғы арқылы Ресейдің Плодовый елді мекенінен Қазақстан аумағындағы Победа ауылына қарай бір адамның жаяу кетіп бара жатқандығын байқаған. Бұл бағыт аталған отрядтың "Бірлік" шекара заставасына тиісті аумақ болғандықтан заставаның жеке құрамы дабыл белгісімен көтеріліп, шекара бұзушының қарсы алдынан тосқауыл құрды. Сағат түнгі 1 шамасында шекара бұзушыны қолға түсті. Ол 1987 жылы туған РФ азаматы болып шықты. Оның айтуынша, "Мемлекеттік шекараны Победа ауылында тұратын азаматтық некедегі әйелінің үйіне бару үшін бұзып өткен екен". "Заңсыз жолмен неге келмедің?" деген сұраққа "Ресей аумағынан шығуға тиым салынғандар тізіміндемін" деп ақталды.
Осы аталған отрядтың "Қайрақ" шекара заставасынан шыққан шекара наряды қаңтардың 27-сі күні кешкі 17-лер шамасында «Донна» деген қызметтік итпен Ресейден өткен тағы бір шекара бұзушының ізіне түсіп, оны Подгородка атты ауылға жете бергенде ұстады. Ұсталған адам 1987 жылы туған қазақстандық екен. Шекараны бұзып өту себебін Ресей аумағында құжаттарын жоғалтып алуымен түсіндірді. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Семейлік шекарашылар "Ауыл-теміржол" бөлімшесінде "Риддер - Астана" бағытымен кетіп бара жатқан № 375 жолаушылар пойызын тексеру барысында, қызметтік иттің көмегімен вагондардың бірінің әжетханасынан салмағы 20 граммға жуық марихуана есірткісі оралған түйіншекті тауып алды. Түйіншектің иесін көптеген жолаушылар арасынан тағы да сол ит тауып берді. Ол 20 жастағы қазақстандық бозбала екен. Семей қаласындағы желілік полиция бөліміне тапсырылды.
Ақтөбе шекара отрядының «Жайсаң-теміржол» тексеріп-өткізу пункітінде шекара наряды "Ташкент - Мәскеу" бағытындағы № 005 жолаушылар пойызын тексеру барысында вагондардың бірінің кір төсек жабдықтарын салынған қаптарының ішінен 125 дана Қытайда шығарылған пышақтар тауып алды. Пышақтар жолсеріктер бөлмесінен табылғандықтан, сол вагонның жолсерігі, 51 жастағы өзбекстандық ұсталып, Жайсаң бекетінің желілік полиция бөлімшесіне тапсырылды.
Қордай шекара отрядының "Қордай-авто" бөлімшесінде Қырғыз Республикасынан біздің елге қарай жаяу келе жатқан 59 жастағы Грузия азаматы ұсталды. Шекарашылар оның сөмкесінен ұзындығы 30 см аңшы пышағын тапты. Ұсталған азамат пышағымен бірге Қордай ауданының ішкі істер бөліміне жөнелтілді.
"Мерке" жеке тексеріп-өткізу пункітінің "Айша бибі-авто" бөлімшесінде шекарашылар 50 жастағы қырғызстандықты "Форд Транзит" автокөлігінде, толтырылған 15 газ баллонын, қосымша бакка толтырылған 500 л. дизель отынын Қырғыз Республикасына қарай алып шықпақшы болғандығы үшін;
24 жастағы қырғызтандықты дәл осындай автокөлікпен 2000 л дизель отынын алып шықпақ болғандығы үшін;
Қордай шекара отрядының "Сортобе-авто" бөлімшесінде 29 жастағы қырғызстандықты "Mersedes Benc Sprinter-518" автокөлігімен 4 тоннаға жуық "АИ-92" маркалы бензинді алып шықпақшы болғандығы үшін;
Осы отрядтың "Қордай-авто" бөлімшесінде 50 жастағы қырғызстандықты "Mitsubishi Delika" автокөлігімен 170 л. дизель отынын алып шықпақшы болғандығы үшін; 1982 жылғы қазақстандықты 32 литр, 1987 жылғы қазақстандықты 22 л. "АИ-92" бензинін заңсыз алып шықпақшы болғандықтары үшін ұстап, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлеріне тапсырды.
Қордайлық шекарашылар жекеменшік "Фольксваген Гольф" автокөлігімен біздің елге қарай 198 шөлмек (138,6 л) арақты заңсыз әкеле жатқан 44 жастағы қазақстандықты ұстап, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментіне тапсырды.
"Бұл тауарлардың иесіз болу себебі – ең алдымен рұқсат құжаттары жоқ. Сондықтан, иелері шекарашыларды көрген кезде тауарларын тастай салып, өздері жылыстап кетеді", - дейді сала мамандары.
Қорғас "Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығы" аумағынан шекарашылар 140 кг және тағы та 305 кг. құс етін;
27 кг және тағы да 31қытай дәрі-дәрмегін;
20 кг компьютерлердің қосалқы бөлшектерін;
10 дана тері өнімдерін (ішіктер) тауып алып, "Алтынкөл" кеден бекетіне тапсырды.