Ақтөбе облысында 59 жастағы ер адам пойыз астына түсіп, мерт болды, деп хабарлайды Baq.kz.
Оқиға Шалқар станциясында болған. Ал, былтыр өңірде 5 адамды пойыз басып кеткен.
"Ақтөбе станциясында былтыр 5 оқыс оқиға тіркелді. Пойыз астына түскен 5 адамның екеуі қайтыс болды. 59 және 56 жастағы марқұмдардың екеуі де мас болған. Қалғандары түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілген еді. Пойыз қаққан тұрғындардың барлығы да белгіленбеген жерлермен жүрген. Олар өздерімен қатар өзгелердің өмірлерін де қатерге тігеді. Оған қоса жүк және жолаушылар тасымалы көліктерінің уақытын кешіктіреді. Ақтөбе станциясының оңтүстік және солтүстік бағыттарынада болды оқиғалар", - деді Ақтөбе станциясы бастығының орынбасары Асан Жұмағұлов.
Ақтөбе станциясының мамандары, теміржол сақшыларымен бірге тұрғындар жиі өтетін белгіленбеген жерлерді тексерді. Әз-Наурыз көшесі бойындағы жол өткелімен өткен бірнеше ақтөбелікке ескерту жасалған. Мамандардың сөзінше, тұрғындар теміржол қоршауларын сындырып, жұлып тастаған.
"Мына жолмен діттеген жерімізге тез жетеміз. Қауіпті екенін білемін. Бірақ, белгіленген жерлердің аралары тым қашық. Дегенмен, адамдар өтсе де мына жерде ескертіп жатқан ешкім жоқ болатын. Сондықтан өте береміз. Мынау теміржолшыларға ғана рұқсат етілген жер екен. Бірақ, өтіп жатқан адамдарды қараңыз. Көп. Маған бүгін ескерту жасады. «Енді қайталанса айыппұл саламыз» дейді. Енді алыс болса да белгіленген жермен өтуге тура келеді. Өмірім өзіме ғана қажет қой",- деді қала тұрғыны.
Теміржолдың рұқсат етілмеген жерінен өткен тұрғынға алғашында ескерту жасалады, кейін қайталанса, 3 айлық есептік көрсеткіш, 7575 теңге айыппұл төлейді.