Қазақстанда ұрлық әрекетін қайталған адамға қатаң жаза қолданылмақ

Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылып отыр.

Ұрлықты қайталағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.

Әділет министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша Заң аясында Қылмыстық кодекске ұрлықты қайталағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулер енгізілді.

Түзетулерге сәйкес бірнеше рет жасалған ұрлық "ауырлығы орташа" қылмыс санатынан "ауыр қылмыс" санатына ауыстырылды. Бұл айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігінен айырады.

Бұған дейін бірнеше рет жасалған ұрлық үшін айыппұл немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік қарастырылған еді.

Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылатын болады.

Бұл түзету сол бір тұлғамен жасалған ұрлықты қысқартуға бағытталған.

Заңға енгізілген түзету осы жылдың 2 ақпанынан бастап күшіне енеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: