Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин Жамбыл облысының жастарымен кездесті

Биылғы жыл жастар үшін ерекше кезең - Төраға.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Жамбыл облысының жастарымен кездесудегі басты мақсаты Жастар жылының ашылуындағы Мемлекет басшысының жастарға көрсеткен қолдауы туралы болды. Бұл туралы Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. Оған Жамбыл облысындағы жетекші оқу орындарының студенттері, жастар қозғалысының көшбасшылары және жас ғалымдар қатысты.

Н. Нығматулин жастармен кездесу барысында биылғы жыл жастар үшін ерекше кезең екеніне тоқталды.

- Президентіміз "Жастар жылында" жас қазақстандықтарды қолдаудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Ол ең алдымен, жас отбасыларға арналған баспана мәселесі. Мемлекет Басшысы ірі қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін жылына бір мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз етуді және барлық кәсіпорындарға жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуды тапсырды, - деді Палата Спикері.

Мәжіліс Төрағасы Мемлекет Басшысының жастарға көрсеткен қамқорлығы туралы айтып, жастар белсенділігін арттыру жолында еңбек қабілетімен қатар, денсаулық, рухани мәселелері де, әрқашанда басты назарда екеніне тоқталды.

- Осы орайда, Мемлекет Басшысының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы өскелең ұрпақтың рухани байлығын, денсаулығын арттыруға ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жұмыстардың барлығы сіздердің өмірлеріңізді жақсарту үшін, қоғамдағы рөлдеріңізді нығайту үшін, бәсекеге қабілетті күшейту үшін жасалып жатқан шаралар,- деді Н.Нығматулин.

Сонымен қатар, Палата Спикері осы ауқымды шаралардың барлығын заң жағынан жан-жақты қолдау қажеттігі туралы айтты.

- Елбасымыздың барлық бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – ол біздің Парламент депутаттарының басты міндеті. Осы жолда өздеріңіз білесіздер, "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" және "Волонтерлік қызмет туралы" заңдар қабылданды. Елімізде Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі Бағдарламасы бар. Жақын уақытта Мәжілісте "Педагог мәртебесі туралы" және басқа да білім саласына қатысты заң жобалары қаралатын болады, - деді Н. Нығматулин.

Сонымен қатар, Палата Спикері елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін оған жастардың білімі мен біліктілігі қажет екенін, бұл жолда ең алдымен жаңа технологиялар, инновация және автоматтандыруға зор назар аударылатынын айтты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: