ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің хабарлауынша, биыл 1-қыркүйекте толық 6 жасқа толатын балалар 1-сыныпқа бара алады. 1-қыркүйекке дейін 6 жасқа толмаған балалар ата-ананың қалауымен мектепке бара алады немесе балабақшада қалуына болады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"2019 жылы, былтырғы жылғыдай, 1-қыркүйекте толық 6 жасқа толатын балалар 1-сыныпқа бара алады. 1-қыркүйекке дейін 6 жасқа толмаған балалар ата-ананың қалауымен мектепке бара алады немесе балабақшада қалуына болады. 7 жасар балалар да бірінші сыныпқа қабылданады. Бірақ, егер, бала мектепалды даярлық сыныбының бағдарламасын балабақшада меңгерсе, мектепте оны қайта оқи алмайтындығын және 1-сыныпқа баруы керектігін ескеруіміз қажет", - деп хабарлап отыр Білім минстрлігіндегілер.
Мнистрлік өкілдерінің айтуларынша, мектепалды даярлық сыныбын енгізудің мәні басты мақсаты - балаларды бірінші сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындау.
"Мектепалды даярлық сыныбын (0-сынып) енгізудің мәні өте қарапайым. Басты мақсат - балаларды бірінші сыныпқа бірыңғай бағдарлама бойынша дайындау. Оның ішінде, бірінші сынып бағдарламасының бір бөлігінің (сандар мен әліпби) 0-сынып бағдарламасына ауысуы, сондай-ақ, тәрбиешілердің дәрежесін бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесіне дейін жеткізу. 0-сынып оқулықтарын енгізу 2020 оқу жылының қыркүйегіне жоспарланып отыр", - деді министрліктегілер.
Олардың хабарлауынша, егер, мектептің өз ғимаратында 0-ші сынып ұйымдастыруға мүмкіндігі болса, оған толықтай құқығы бар. 0-сыныпты енгізу құқығынан балабақшаларды ешкім айырған жоқ. Осылайша, 2020 жылы еліміз бойынша барлық мектептер мен балабақшаларда 0-сыныптар ашылады.
Алайда, қолданыстағы білім туралы Заңнамада балаларды 6 жастан 1-сыныпқа баруға міндеттейтін норма бар. Заңның аталмыш нормасына өзгеріс енгізіледі.