Алматы облысының жедел-криминалист мамандары департамент басшылығының құттықауын қабыл алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, еліміздегі жедел-криминалистік саланың құрылған күніне орай Алматы облысының Жедел-криминалистік басқармасының қызметкерлері облыстық полиция басшылығы тарапынан құттықтаулар қабылдап, ел игілігі үшін еткен еңбегіне алғыстар естіді. Осы датаның көктемнің алғашқы күнімен сәйкес келуі мерекелік іс-шараға ерекше рең берді.
"Бұл іс-шара көктемнің алғашқы күні керемет көңіл-күй сыйлады. Еңбегің жемісті болып, департамент басшылығы қызметіңді бағаласа, ол – полицей үшін үлкен абырой. "1 наурыз – Алғыс айту күні" әріптестеріме, криминалистік саланың қыр-сырын үйреткен аға буынға, тыныштық пен тәртіпті сақтауға атсалысатын барлық азаматтарға алғысымды білдіремін",- деді облыстық Жедел-криминалистік басқармасының бастығы полиция полковнигі, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Людмила Ким.
Департамент басшылығы қызметінде озық нәтиже көрсеткен қызметкерлермен қатар, осы қызметтің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерді де құттықтап, олардың омырауына "Криминалистік қызметке 100 жыл" мерейтойлық медалін тақты. Өмірден озған ардагердің медалін олардың қызметін жалғаған ұрпағына табыстап, аталарының нәтижелі еңбегі туралы құнды естеліктер айтты.
Айта кеткен жөн, криминалистік қызметтің тарихына үңілсек, осыдан алты ғасыр бұрын негізі қаланғанын білеміз. Дегенмен, алғашқы ресми сот сараптама кабинетінің ашылуына бүгін бір ғасыр толды. Еліміз тәуелсіздік алған соң 1992 жылы ішкі істер органдарында жеке сарапшылық-криминалистикалық бөлімшелер құрылды.
Кез-келген қылмысты ашудың негізін қалайтын, дәлдік пен шынайылықты, ұқыптылықты талап ететін салада көбінесе нәзік жанды азаматтар қызмет ететіні ақиқат.
Облыстық полиция басшылығы кәсіби білгірлігі мен табиғи болмысын адал қызметіне арнаған қыздар мен аналарды халықаралық мейрам қарсаңында құттықтауды да естен шығарған жоқ.