Астана әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Сурет: Telegram/astana_newss
Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 27 шілдеде елорда әкімдігі мәлімдеді.
"Есет Байкеннің басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісім бойынша Талғат Рахманберді Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін "Байқоңыр" ауданының әкімі қызметін атқарған", – делінген хабарламада.
Талғат Рахманберді 1984 жылғы 24 ақпанда дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша (2006), Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін "Экономика" мамандығы бойынша (2013), Пенсильвания мемлекеттік университетін "Құқық" мамандығы бойынша (2021) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы қызметінен бастаған. Әр жылдары "Астана қаласының студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының штабы" қоғамдық бірлестігін басқарған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы институтының Қылмыстық процестің және жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау саласындағы біліктілікті арттыру басқармасында аға прокурор, "Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтерін атқарған.
2016 жылғы сәуірден 2019 жылғы наурызға дейін Астана қаласы "Сарыарқа" ауданы әкімінің орынбасары, ал 2019 жылғы сәуірден бастап "Астана қаласы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары болып еңбек еткен.
2019 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейін "Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы" және "Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемелерін басқарған, сондай-ақ қала әкімінің кеңесшісі болған.
2023 жылғы 18 қазаннан бастап "Байқоңыр" ауданының әкімі қызметін атқарды.
2026 жылғы 17 шілдеде Есет Байкеннің Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі болды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.