Алматыдағы Саин көшесінде болған жол апатынан екі адам зардап шекті
Фото: Zakon.kz
Жол-көлік оқиғасы Алатау ауданындағы Саин көшесінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Changan автокөлігінің жүргізушісі солтүстік бағытта келе жатып, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге жақындағанда жылдамдығын бәсеңдеткен. Оның артынан келе жатқан Hyundai Elantra жүргізушісі қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, алда келе жатқан көлікке соғылған.
Соққының әсерінен Changan көлігі инерциямен жол жиегіндегі бордюрге шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан Hyundai Elantra көлігінің екі жолаушысы зардап шекті. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Ведомство жүргізушілерге, әсіресе жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде, жол жағдайы санаулы секунд ішінде өзгеруі мүмкін екенін ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтауға шақырды.