"8-наурыз" мейрамының қарсаңында Алматы облысының тәртіп сақшылары бейнеролик әзірлеп, еліміздегі барлық аналар мен аруларды көктем мерекесімен құттықтады, деп хабрлайды Zakon.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметінің ерекшелігін айқындайтын роликте аруларға ең ізгі тілектер жолданған.
Сонымен қатар, облыстық департамент басшылығы қызметтегі арулар мен ел игілігі үшін еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетті. Әсіресе, ел алдындағы міндетін атқару кезінде қайтыс болған қызметкерлердің аналары мен жан жолдастары ерекше қошеметке ие болды. Өйткені, әрбір күні қауіп пен қиыншылыққа толы полиция қызметкерінің анасы немесе өмірлік серігі болу кез келген әйелдің қолынан келе бермейтіні анық.
Мерекелік іс-шарада қызметі үшін жанын қиған Шынасыл Берқұрмановтың жұбайы Салтанат Меңлібаеваға облыстық полиция басшылығы "Полиция офицерінің жары" мәртебелі омырау белгісін табыс етті.
"Ел алдындағы борышын атқару кезінде өмірден өткен қызметкерлерді ұмытпай, олардың аналары мен отбасындағы тірегі болған адал жарларына үнемі құрмет көрсетіп отырған Полиция департаментіне алғысым шексіз. Қасиетті борышы үшін өмірін сарп етуге дайын полицейдің анасы, яки жары болу қандай құрметке болса да лайық", - деді омырауына мәртебелі белгі таққан Салтанат апа Меңлібаева.
Сөз алған аналар қызметкерлерді қызметіне адал болуға, тәртіп сақшысы атағына лайық болуға, қайсарлықпен қызмет атқаруға шақырды.
Өз кезегінде, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов салтанатты жиынға қатыса алмаған ардагерлер мен аналарды үйлерінде құттықтады. Департаменттің әрбір қызметі өз ардагерлерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.
Ал, облыстық Жергілікті полиция қызметі "Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында" қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, аналар мен балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.