Сіз елдің әкесісіз - Арал кеншілері Елбасыға хат жолдады

Назарбаевтың президент өкілеттігін тоқтатуы "Аралтұз" АҚ ұжымын қатты қобалжытыпты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа

Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің өкілеттілігіңізді тоқтатуыңыз туралы шешіміңіз Өзіңіз аса қамқорлық танытқан Арал жұртшылығы үшін де күтпеген жай болды. Біз бұл мәлімдемеңізді естігенде қатты қобалжыдық. "Аралтұз" АҚ-ның барша ұжымы Сіздің шешіміңізді естігенде әсіресе қимастық сезімде болды. Себебі, Сіз Тәуелсіз Қазақстанның дәуірлеу және қайта түлеу жылдарында аянбай еңбек етіп, халықтың зор сеніміне ие болдыңыз. Тәуелсіз елдің алғашқы басшысы болу мәртебесі бұйырды. Өзіңіз жүргізген сарабдал саясатыңыздың арқасында Қазақстан шын мәнісіндегі тәуелсіз де еркін, экономикасы мен мәдениеті дамыған өркениетті елге айналды, әлем қауымдастығынан лайықты орын алды.

Кезінде нарықтық заманға бейімделген біздің беталысымыз тоқырау кезеңдеріне тұспа-тұс келді. Тіршілігі қайнаған талай кәсіпорынның жұмысы тұралап, жағдайы кете бастады. Сол бір сүреңсіз кезеңдердің нақ куәгерлері бүгінде бірлігі бекем, татулығы тұрақты жасампаз елдің орта буын өкілдеріне айналдық. Тәуелсіздік жылдары Отандық өнімдердің экспорты еселеп артты. Нәтижесінде ел экономикасы қарыштап дамып, аудандар мен ауылдарда тұралаған талай кәсіпорындардың тамырына қайта қан жүгірді.

90 жылдан астам тарихы бар тұз өндірісіндегі тұғыры биік бір жарым мың адамы бар қара шаңырақ ұжым қазіргі таңда Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан сынды одақтас елдерге өнім жөнелтуде.

Бүгінде Аралдың ақ алтынына баланған тұз өнімі еліміз бойынша да ішкі өнімді қамтамасыз етуде.

Қазіргі уақытта "Аралтұз" Акционерлік қоғамында 1500 жұмысшы еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі жергілікті жердің азаматтары. Бәрі де Отандық өнімді өндіруде өзіндік қолтаңбаларын қалғанын мақтаныш етеді. Және Сіздің қолдауыңызды жыл сайын сезініп келеді. Әр Жолдауларыңыз барша халықтың ертеңге деген сенімін еселеді. Нәтижесінде тұз өндірісі бойынша еңбек етіп жатқан 1500 ге жуық кеншілердің айлығы өсуде. Біз мұндай жағдай жасай білген Өзіңіздей дара тұлғаға ерекше алғысымызды білдіреміз.

Кешегі ел тарихындағы елеулі оқиға саналған үндеуіңізде өзіңіз елімізді басқарған 30 жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы түйінді ой айтып өттіңіз. Ал, мұның астарында Сіздің ақыл-парасатыңыз, даналығыңыз, қаншама жылдық еңбегіңіз бен күш-қуатыңыз бар екенін халық жақсы біледі. Расында талай ғасыр бодандық бұғауында болған жасампаз жұрттың арғы-бергі заманында мұндай бақытты кезең болмағаны анық. Ал, осы бір бақытты заманды біздің басымызға орнатуда еліміздің тұңғыш Президенті, дара Тұлға – өзіңіздей жанмен замандас болғанымызға әрдайым мақтанамыз. Ұстанған сара бағытыңызды бірауыздан қолдап, еңбек етіп келе жатқанымызға бақыттымыз. Біз де, Сіздің алдыңызда, қазақтың Ұлы Тұлғасына басымызды иіп, дүниедегі барлық игілікті тілейміз.

– "Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін" дедіңіз. Біздерге Өзіңіздей Елбасы бұйырғанына аса бақыттымыз.

Ел еңсесін көтерудегі елеулі еңбегіңізді барлық Арал жұртшылығы жақсы біледі. Және де өзіңізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Тәуелсіз еліңіздің бақытты буыны Сізбен әлі талай мақтанатын болады. Өйткені сіз елдің әкесісіз. Жасай беріңіз аса құрметті Елбасы!

Уақытыңыз болғанда Аралға құрметті мейман болып қайтыңыз.

Құрметпен, Аралдық кеншілер атынан Әуесханов Нағашыбай, Аяқбаев Қойшы, Баймырзаев Жақып, Ақжанова Қиғаш.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: