Мал ұрлығын жасаған 71 қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы генерал Мұрат Ұрұмханов халықпен кездесу барысында хабарлады, деп жазады Zakon.kz.
Кездесу барысында полиция генерал-майоры өңірдегі криминогендік жағдайға тоқталып, қылмыстардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы айтты. Кейбір қылмыстық топтардың ісіне қатысты жеке тоқталды.
"Ұсталған барымташылар тобына 147 қылмыс жасады деген айып тағылды. Атап айтсам, Ұйғыр ауданындағы 5 адамнан құралған топ 18 ұрлық жасаған. Оның 5 дерегі ауыр қылмысқа жатады. Олардан 40 жылқы тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Ал, Ақсу ауданында ұсталған ұрылардың екі тобы 11 рет жерлестерінің малын үптеп кеткен",- деп атап өтті полиция генерал-майоры.
Облыстың бас полицейінің айтуынша, малды қараусыз жіберу ұрыларға қолайлы жағдай туғызады. Өйткені, иесі малының қай уақытта және қай жерде жоғалғанын білмейді. Яғни, полицейлер үшін іздеу жұмыстары қиындайды. Биыл тәртіп сақшылары жоғалған малды іздеу мақсатында биыл 6 рет тікұшақ көмегіне жүгінген.
"Қаңтар айында Қаратал ауданының тұрғыны 24 ірі қарасының жоғалғаны туралы арыз жазған. Екі айдан астам уақыт жедел іздестіру жұмыстары жан-жақты жүргізілгенімен нәтиже бермеді. Өзендегі мұз ерігенде ғана 23 наурыз күні сиырлардың өлігі табылды. Бұл да малды қараусыз жібергеннің салдарынан болған",- деп атап өтті полиция өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының полицейлері "Мал ұрлығы" жедел алдын алу іс-шарасы барысында екі аптада 69 мал ұрлығының дерегін ашқаны туралы хабарлағанбыз. Оның 30 жуығы бұрын жасалған қылмыстар санатына жатады.