Бүгін, 3 сәуір күні, Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар тарапынан қолдау тапқан заң жобаларының ішінде "Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы бар.
Келісім Әзербайджан, Иран, Қазақстан мен Ресей және Түрікменстан мемлкеттерінің қарулы күштерінің әскери корабльдерінің Каспий теңізінде жүзуі мен әуе кемелерінің ұшуы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, Келісім Тараптардың Каспий теңізінде, аумақтық сулардан және оның әуе кеңестігінен тыс әрекет ететін әскери корабльдері мен әуе кемелеріне қолданылатын болады.
Тараптардың әскери корабльдері және әскери корабльдерінің топтары суасты кабельдері мен құбыржолдарының трассалары өтетін, сондай-ақ жасанды аралдар, қондырғылар, құрылыстар орналасқан аудандарда осы объектілерге және олардың қызметіне қатер төндіретін кез келген іс-қимылдардан тартынуы керек.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери мақсаттағы өнімді пайдалануды бақылау туралы келісімді мақұлдады.
2017 жылғы 29 қарашада Мәскеуде жасалған бұл Келісімге сәйкес Шарт шеңберінде әскери мақсаттағы өнімді беруші Тарап оның болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы, ал өзіне әскери мақсаттағы өнім берілетін Тарап өнім беруші Тараптың бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар ұсынады.
Келісімге сәйкес өнім беруші Тарап өкілдерінің Шарт шеңберінде жасалған келісімшарттар бойынша берілетін әскери мақсаттағы өнімді есептен шығару, жою (кәдеге жарату) кезінде қатысуға құқығы бар.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар З. Аманжолова, Ж. Ахметбеков, Д. Еспаева, А. Перуашев, Н. Микаелян, Ш. Хахазов.