Түркістан облысында республикалық пресс-тур өтті

Шара барысында тілшілер қауымы өңірдің мәдени әрі рухани ошақтары мен ірі кәсіпорындарын аралады.

Түркістан облысында "Жаңарған Түркістан" турнирі аясында баспасөз турі өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ең алдымен жарысқа қатысатын командалар легі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етті. Содан кейін даңқты боксшы, Түркістан топырағының тумасы Б.Саттархановтың, чемпионмен іргелес жатқан біртуар қаламгер - Садықбек Адамбеков пен даңқты ақын Қаныбек Сарыбаевтың рухына құран бағыштады.

Республиканың түкпір-түкпірінен жарысқа келген журналистер "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Түркістан облысының киелі орындарын аралап, бабалар басына тәу етті. Қонақтар жолсапар барысында Отырар ауданына аялдап, онда Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, көне Отырар қалашығының шежірелі тарихымен танысты.

Сондай-ақ, республикамыздағы қаламы қарымды журналистер облыс мақтанышына айналған ірі кәсіпорындар, Ордабасы ауданындағы "Александровский сад" ЖШС мен "Бөрте-милка" сүт тауарлы фермасының жұмысымен жете танысты.

Ұялыжар ауылында орналасқан "Александровский сад" 17 гектар жерге жаңа технологияны пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен күн өткізбейтін тор тарту арқылы бау (алма) егуді қолға алған. Ал, автоматтандырылған жаңа технологиялы сүт өңдеу зауыты тәулігіне 40 тонна сүт өнімін өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда "Бөрте милка" сауда таңбасымен қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт өнімдері шығарылып, сұранысқа иеленуде.

Айта кетейік, Түркістан облысы ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған "Жаңарған Түркістан" республикалық футбол турнирінде Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, СҚО және Түркістан облысының журналистерінен құралған командалар бақ сынасады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: