Қазақстандық компаниялар құрылыс қызметі бойынша халықаралық деңгейге шықты

Компаниялар Словакияда темір жолдарын және Қырғызстанда алтын өндіру зауытын салып жатыр

Қазақстандық компаниялар "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясының ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) қолдауының арқасында құрылыс қызметтерінің халықаралық деңгейіне шықты. Бұл туралы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов мәлімдеді.

"2018 жылдан бастап KazakhExport қызметтердің экспортын ынталандыру бойынша жұмысты бастады. Оның қолдауымен отандық компаниялар халықаралық құрылыс қызметтері нарығына кіре бастады. Мысалы, Словакияда теміржол құрылысы бойынша тендерге сәтті қатысуда. Онда жобалау жұмысын Өскеменнің "Казгипроцветмет" жобалау компаниясы жүргізуде. 2018 жылғы желтоқсанда Қазақстанның даму банкінің және KazakhExport қолдауымен "AAEngineering" ЖШС отандық компаниясы Қырғызстандағы ірі кен орындарының бірінде алтын өндіретін зауыт салу туралы келісімшарт жасасты. Келісімшарт сомасы 107 млн. АҚШ долларын құрайды", - деді Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында сөз сөйлеу барысында Айдар Әріпханов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта портфельде 100 млрд. теңгеден астам сомаға Өзбекстан ("Базис А" - 78 млрд. теңге), Қырғызстан ("ААЕ" - 7 млрд. теңге), Ресей ("Омас Интегрейтер" ЖШС - 7 млрд. теңге) сияқты елдерде бұрғылау қондырғыларын жобалау, техникалық және технологиялық сүйемелдеу қызметтер экспорты бойынша жобалар бар.

Бүгінгі таңда KazakhExport экономиканың басым секторларында Қазақстанның барлық өңірлерінде 80-нен астам кәсіпорынға қолдау көрсетеді. Мысалы, егер 2018 жылы KazakhExport 90 млрд. теңге сомасына қолдау көрсеткен болса, оның ішінде 49 млрд. теңге агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарына тиесілі.

2018 жылдың қорытындысы бойынша капитал 43 млрд. теңге болғанда "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы қолданыстағы сақтандыру міндеттемелерінің көлемін 110 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, бұл компанияның меншікті капиталынан 2,5 есе жоғары. Ағымдағы жылы капиталдандыру және мемлекеттік кепілдіктер алу есебінен сақтандыру көлемі айтарлықтай артатын болады.

Осыған орай, ағымдағы жылы KazakhExport кемінде 95 млрд. теңге сомасына сақтандыруды қамтамасыз етеді, бірінші тоқсанда 16 млрд. теңгеден астам сомаға 15 жоба бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 11 кәсіпорын бұрын KazakhExport қолдауын пайдаланбаған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: