Ақша-адам, сараң жігіт. Головкин есімі мен лақап атын неге өзгертті

Бокс сүйер қауым қазақстандық боксшыға "Ақша" (Money) деген жаңа лақап таңып тастады.

Геннадий Головкин өз есімінің ағылшын тілде жазылуын өзгертті, деп хабарлайды Sports.kz.

GGG Promotions басқарушы директоры Том Леффлердің айтуынша, Геннадийдің есімі енді ағылшынша баяғыдай Gennady емес, Gennadiy деп жазылады.

- Енді оның есімі "Дженнадий" емес, "Геннадий" деп оқылады. Бұрын маркетинг пен паблисити үшін біз оны Y әріпімен Gennady деп шығарғанбыз, ал оның шын есімі ресми түрде Gennadiy деп жазылады. Бұл техникалық мәселе. Былайғы жұрт оны Triple G деп біледі. Тіпті "Миллиардерлер" сериалында оның есімі Triple G деп аталған. Есімі танымал әндер мен сериалдарда айтылып жатқаны – оның бокс аясынан әлдеқашан асып кеткенін білдіреді. Ол O2 Arena, "Мэдисон Сквер Гарден", T-Mobile Arena сияқты алып сарайларда аншлаг жасаған адам. Сатылған билеттер мен тапқан табысы бойынша рекордтар орнатқан. Оны бүкіл әлемде жұрт жақсы қабылдайды, - деді Behind the Gloves тілшісіне сұхбат берген промоутер.

Өз кезегінде Головкиннің бапкері Абель Санчеспен айырылысқанын шетелдік фанаттар Twitter-де мазаққа айналдырды.

Бірқатар бокс сүйер қауым қазақстандық боксшыға "Ақша" (Money) деген жаңа лақап таңып тастады. Олардың ойынша, Геннадий сараңдық танытып, Санчестің жалақысын қысқартып тастаған.

Абель де өзге бапкерлер сияқты өз боксшысы табатын табыстың 10 пайызын алып келген, бірақ DAZN-мен 100 миллион долларға келісімшарт жасасқан Головкин өз бапкерінің үлесін 2 пайызға дейін қасқартып тастаған. Бұған бапкер көнбей, екеуі ақыры екі айырылысты.

Бірақ бокс әлемінде "Money" деген лақап атқа карьерасын тәмамдаған америкалық боксшы Флойд Мэйвезер иелік етеді.

Сондай-ақ, Головкиннің өзіне жаңа бапкер таңдағаны туралы ақпарат пайда болды. Головкин оның есімін сенбі күні жария етеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: