Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда «Астана» Халықаралық қаржы орталығының соты мен Арбитражды орталығының ашылуына қатысты. АХҚО-да өткен салтанатты жиын Astana Finance Days мамандандырылған халықаралық конференция аясында өтті.
- Бүгін елімізде АХҚО Соты мен Халықаралық арбитражды орталығы өз тарихын бастады. Олар жаһандық заңнамаларға сүйене отырып, заманауи үлгіде жұмыс жасайтын болады. Біз заманауи және кәсіптік сот жүйесінің қалыптасуына назар аударамыз. АХҚО соты мен халықаралық сот төрелігі орталығын ағылшын құқығы негізінде құра отырып, біз осы арқылы институционалдық құрылымды жасақтауды аяқтадық, - деді президент.
Сондай-ақ президент АХҚО-ның құрылуы озық дамыған мемлекеттер қатарына кіру үшін аса маңызды екенін атап өтті.
- АХҚО сотының ең беделді британдық соттардан іріктеліп алынуы оның табысты жұмыс жасауына ықпал етеді. Бүгінгі күні АХҚО соты мен Халықаралық сот төрелігі орталығы өз тарихын жаза бастады. Еліміздің сот жүйесінің тарихы 15 ғасырдан басталады, қазақтың тарихында билер соты болған. Осы сот әділ сот төрелігін қамтамасыз етіп, құқықтық саланың мінсіз жүйесін көрсететін болады. АХҚО судьялары өте әділ шешім қабылдайтынына сенемін! Осымен мен АХҚО сотының ғимаратын ашық деп жариялаймын!, - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот ғимаратының ашылуы қазақтың беделді төрешісі Төле би атындағы залда өтуінің өзі маңызды екенін мәлімдеді.
- Бүгінгі шараны Қазақстан тарихындағы атақты төреші Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы лорд Вульфке және Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманнға, АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс айтамын!,-деді мемлекет басшысы.