9 шілдеде Өзбекстанның экс-президентінің қызы Гүлнәр Кәрімованың Францияда тәркіленген мүліктеріне қатысты сот үкімі жарияланды. Оның Париждегі пәтері, Сен-Тропадағы вилласы, Париждың маңындағы сарайы сатылып, ол ақша өзбек бюджетіне аударылатын болды. Бұл осы мағынадағы тарихта болған алғашқы сот шешімі деп көрсетілген RFI-де жарияланған мақалада.
47 жастағы Гүлнәр Кәрімова Өзбекстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы, қазір ол Ташкентте түрмеде отыр. Ол әкесі барда балқып-шалқып алаңсыз өмір сүрген: қорларды басқарды, өзіндік брендегі сән үлгілерін шығарып, Еуропаның қымбат мейрамханаларында бай-бағландарға арнап той-томалақ өткізді. БҰҰ жанындағы Өзбекстан елшісі де болды. Тіпті, әкесі тағын осы қызына мұра етіп қалдырады деген болжамдар да болған.
Алайда 2013 жылы қызы әкесіне жақпай қалды. Содан соң ол ел көзінен жоқ боп кеткен. Кейіннен 2013 жылы қазанда Өзбекстанда Гүлнәрдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп оған күдік келтірілді. Басында 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Кейін ол шетелдегі шоттағы ақшасын ел қазынасына қайтарған жағдайда деп 5 жыл шартты түрде жазаға алмастырылды.
Осы кезде Швейцарияда да Гүлнәр Кәрімова мен оның айналасындағы бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Одан соң Швейцария соты "заңсыз жолмен табылған" деп Кәрімованың 800 млн швейцар франкін бұғаттайды.
Бүгінгі сот шешімі де осы Швейцариядағы тергеу кезінде Францияда тәркіленген Кәрімованың мүліктеріне қатысты. Швейцария құқық қорғаушылары француз әріптестеріне Кәрімованың заңсыз ақшасына қатысты сұрау жолдаған. Соған сәйкес, Француз прокуратурасы 2014 жылы "қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңсыз жылыстату" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғайды. Бұл іс Париж сотының қаржы бөлімінің тергеушісі Серж Турнерге тапсырылады.
2014 жылы 5 қыркүйекте Турнер Кәрімованың Париждегі үш жылжымайтын мүлкін тәркілеу туралы қаулы шығарады. Олар – Сен-Тропадағы вилласы, Версалдың маңындағы сарайы, одан соң Франция астанасындағы салтанатты пәтері.
Француздың Challenges іскерлік басылымының мәліметінше, қаладағы пәтер 31 млн, вилла 2,4 млн, сарай 28 млн евро тұрады. Гүлнәр Кәрімова міне осы қымбат үйлерді Өзбекстанның телекоммуникация нарығында орын алу үшін шетелдік компаниялардан алған парасы есебінен сатып алған көрінеді. Жемқорлық түрінде алынған ақша Кәрімованың шотына Швецияда, Ресейде және Нидерландыда тіркелген компаниялар атынан келіп түскен.
Бұл ақшалардың ізі ондаған мемлекеттен байқалған. Сондықтан француз тергеушілері жер-жерді аралап, тергеу жүргізуге мәжбүр болыпты.
Үйқамақта болған Гүлнәр Кәрімова осы жылдың наруыз айында қайта түрмеге тоғытылған. Өзбек құқыққорғаушылары бұл ретте үйқамақ тәртібі бұзылды деген уәжді алға тартады. Шындығында, Өзбекстан сотында уәде етілген соманы Кәрімованың бюджетке қайтарудан бас тартуы нақты себеп болуы мүмкін. Ал Кәрімованың адвокаты соңғы рет желіге шыққанда, оған қазір қысым жасалып жатқанын, тіпті оның өміріне қауіп төніп тұрғанын жазған.