Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев броконьерлер қолынан қаза тапқан "Охотзоопром" мекемесінің инспекторы Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы әкім Instagram-дағы парақшасында жазған.
"Браконьерлерді ұстау кезінде қаза тапқан "Охотзоопром" инспекторы Қаныш Нұртазиновтың отбасына көңіл айтамын. Екінші инспектор, Оспанов Самат, санавиациямен Ақмола облыстық ауруxанасына ұшақпен ұшуда, жағдайы бірқалыпты ауыр. Тез сауығып кетуіне тілектеспін. Қылмыскерлерді іздестіру жедел шараларына барлық Ішкі істер саласының қызметкерлері дабыл бойынша көтерілді", деп жазды Ермек Маржықпаев желіде.
Айта кетсек, 23 шілдеде Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген инспекторлар киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде Қостанай облысына тиесілі ақ түсті "Нива" маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған. Салдарынан Қаныш Нұртазинов Державинск ауруханасында көз жұмды.
Қызмет бабында қаза болған қорықшының отбасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев қайғырып, көңіл айтқан.
Қорықшыға оқ атты деген күдікпен әкелі-балалы Арқалық қаласының азаматтары ұсталды. Бұл қанды оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.