ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Елбасының тапсырмасы бойынша елорданы дамытудың өзекті мәселелерін шешу, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың бес жылдық Кешенді жоспары дайындалып, бекітілді", — деген Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бас қаласының дамуына үлкен мән беретінін және Үкіметке бірқатар міндеттерді жүктегенін айтты.
Мемлекеттік комиссия отырысы барысында қаланың жиынтық құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, газбен жабдықтау, қала маңын дамыту және үлестік құрылыс мәселелері талқыланды.
Кешенді жоспарды іске асыру және Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың өзекті мәселелері туралы қала әкімі Алтай Көлгінов баяндады. Бейінді бағыттар бойынша Ұлттық экономика министрі РусланДәленов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асқат Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.
"Елордада тұрғын үйге сұраныс жоғары кезде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендемеуі тиіс", — деп Асқар Мамин 6 айдың қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны 20 процентке төмендегенін айтты.
Жекелеген мәселе — Нұр-Сұлтан қаласының шеткері аймақтарын дамыту. Елорда әкімдігі биыл 9 жобаны іске асыруды жоспарлады, соның ішінде әлеуметтік, мәдени маңыздағы нысандар, газдандыру нысандарын, инженерлік желілер салу мәселелері бар.
"Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі мәселелерді шешуге үш жылдық кезеңге 22,5 млрд теңге қарастырылған, осы қаражатты қала төңірегінде өмір сүретін азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға жұмсау қажет", — деп Асқар Мамин баса айтты.
Үкімет басшысы кеңес қорытындысын шығара отырып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Елорда әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы әрі сапалы іске асыру, елорда төңірегінде нысандар салудың ЖСҚ әзірлеу бойынша қажетті шараларды қабылдау, үлестік құрылыстағы проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды жеделдету тапсырылды.
ҚР Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің негізгі жұмысы газбен жабдықтау, көшені жарықтандыру, нөсер канализациясы, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, көлік желілерін дамыту мәселелерін жедел түрде шешу екенін айтты.