Трансгендер Виктория Берікқожаева күні кеше Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері түрмеде қорлағанын мәлімдеген еді. Адвокаты Айман Омарова бас прокуратура бұл жағдайды жіті назарына алмаса іс сотқа жетпей қала ма деп алаңдаулы, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
- Оған әйел ретінде ұнағанымды айтты. Қызығушылығын оятқан екенмін. Сондай-ақ, іштегі 2 қызметкерді қылмыстық іске итермелеп, ұстап беруімді тапсырды. Ондай әрекеттен бас тартқандықтан сексуалдық сипаттағы зорлау әрекетіне барды. Екі күн қатарынан жасаған ұятты тірлігін ашып беретін дәлелім болмады. Ал үшіншісінде киімімнің барлығы былғанды. Соны дәлел ретінде тапсырдым, - деген телефон арқылы телеарна тілшісіне сұқбат берген жәбірленуші Виктория Берікқожаева.
Адвокаттың айтуынша, сексуалдық сипаттағы әрекет колония басшысының кабинетінде болған. Сондай-ақ, ұятты әрекетке мәжбүрлеген қызметкер абақтыға еркін кіре алатын көрінеді. Ал трансгендерді зорламақ болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қай қызметкері екені әлі де белгісіз.
- Мекеменің бастығы Рахманов "мен кім екенін білмеймін" дейді. Сонда қалай білмейді? Кімді кіргізіп жүргенін білмей ме сонда? Осы мекемеде істейтін адам болса айтар еді. Егер ол басқа адам болса да айтар еді. Ол ұшып-қонып келмейді ғой. Ол - жабық мекеме. Түрмеге кіріп көріңізші өзіңіз. Қалай кіресіз, - дейді Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова.
Айта кетсек, Виктория Берікқожаева былтыр алаяқтығы үшін түрмеге тоғытылған. Сол кезде-ақ істен шу шыққан. Өйткені құқыққорғау органы оны қай түрмеге жіберерін білмей басында сасқан. Өйткені жынысын өзгерткенмен Виктория төлқұжатын өзгертіп үлгермеген еді. Кейін оның адвокаты төлқұжатын ауыстырып беріп, ақыры ол әйелдер колониясына тоғытылып еді.